ОблысЭкономика
Басты тақырып

Электр энергетикасын дамыту және азық-түлік бағасы

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында электр энергетикасын дамыту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды.

Отырысқа басқарма және салалық мекемелердің басшылары қатысты, облыстағы 12 ауданның әкімі бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың сөзінше, бүгінгі таңда облыста тұтынатын қуат көлемі — орта есеппен 904 МВт. Оның ішінде жергілікті энергия көздерінің генерациясы — 499 МВт, сыртқы энергия көздерінен 405 МВт мөлшеріндегі электр энергиясы алынады. Жүктеменің ұлғаю динамикасынан, сондай-ақ «KEGOC» АҚ болжамына сәйкес облыста 2028 жылға қарай электр энергиясының тұтыну мөлшері 1 270 МВт жетеді деп жоспарлануда.

Осы орайда 2028 жылға қарай электр энергиясының теңгерімін қамтамасыз ету үшін облыста былтыр Ақтөбе жылу электр орталығы аумағында қуаты 57 МВт болатын газ турбиналық қондырғы салынды.

Жалпы Ақтөбе облысында дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвесторлардың қызығушылығы зор. Болашақта қуаты 80 МВт болатын дәстүрлі энергия көздерін ERG еншілес компаниясы өндірмек. Ал 585 МВт жаңартылатын энергия көздерін алуға мүмкіндік беретін жобаларды италиялық ENI, Next Green Energy, Sungrow Kazakhstan Holdings, ERG Capital Projects сияқты компаниялар жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жел электр стансаларының салыну мерзімі әртүрлі.

Өңір басшысы электр энергетикасын дамытуды көздейтін жұмыс жоспары сапалы әрі уақтылы орындалу керектігін еске салды. Сонымен қоса күнбе-күн орын алатын жағдайларға да баса мән беру қажеттігін айтты.

— Бүгінгі таңда Ахуалдық орталыққа тұрғындардан электрмен жабдықтау мәселелері бойынша көптеген шағым келіп түседі. Жалпы өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша электрмен жабдықтаудың жоқтығына қатысты 598 өтініш тіркелген. Соңғы бір аптада жарықтың сөнуіне қатысты шағымдар бар. Көп жағдайда ақаулар жүйелі түрде жойылған. Дегенмен үнемі алдын алу шараларын жүргізіп, азаматтардың арыз-шағымын дереу қарап, шешу керек, —  деді Асхат Шахаров.

Отырыста қаралған екінші мәселеге қатысты облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай толық мәлімет берді. Оның ақпаратына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға 2018-2023 жылдар аралығында 4,5 млрд. теңге қаражат бөлініп, тұрақтандыру қоры қалыптастырылды. Қордың операторы — «Ақтөбе» ӘКК» АҚ.

Бүгінде тұрақтандыру қорында 31,0 тонна қарақұмық жармасы, 300,0 тонна қант, 560,3 тонна бірінші сұрыпты ұн және 68 тонна күріш өнімдері сақталуда. Сонымен қатар өткен жылдың сәуір айынан бастап әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыстың ірі нан зауыттарына 4604 тонна бірінші сұрыпты ұн бөлінді. Қазіргі уақытта 550 грамдық 1 бөлке нан 86 теңгеден сатылып жатыр.

Жалпы, әлеуметтік азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мақсатында сауда желілері және дүкендермен арада 500-ден астам меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде «Анвар» және «СапаМаркет» желілерінде азық-түліктің баға үстемесін — 5%-дан, аудандардағы дүкендерде 10 пайыздан асырмау жөнінде келісім жасалды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы бағаны негізсіз өсірген делдалдарды анықтау мақсатында арнайы комиссия құрған. Былтыр жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша бірқатар бұзушылық фактісі анықталған. Сауда үстемесін асырған және тауардың бағасын көрсетпей сатқан 3 кәсіпкерге айыппұл салынып, қалғандарына ескерту берілген.

Асхат Шахаров салалық басқарма және мекеме басшыларына бағаны тұрақтандыруға құлықсыз кәсіпкерлермен күресті жалғастыруды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауды әлі де күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ жергілікті өнім үлесін арттыруға күш салу қажеттігін тілге тиек етті.

Басқа материалдар

Back to top button