БілімОблыс
Басты тақырып

Жаңа жетістіктер мен даму перспективалары

Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатымен тереңірек танысу, онда айтылған пікірлер мен тұжырымдарды зерделеуге арналған «ХХІ ғасырдағы Әділетті Қазақстан: жаңа жетістіктер мен даму перспективалары» атты дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.

Оған колледж оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ бір топ журналистер — «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Нұркеева, облыстық «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Ләззат Буханова, облыстық «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Мұратбек Ержақыпов қатысты.

Жиынды ашқан колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Жанар Әлішева аталған сұхбатта айтылған басты мәселелерге тоқтала келіп, оның ішінде білім, ғылым саласына қатысты ойларға тоқталды:

— Президентіміз: «жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі», — деп атап көрсетті. Бұл — біздің жас буынға артылған жауапкершілік пен сенім. Елімізде болашақ мамандарға терең білім, кәсіби дағдыларды меңгеруге бар жағдай жасалған, — деді ол.

Журналистер атынан сөз алған Айгүл Нұркеева республиканың бас газетіне берген сұхбатында Президенттің жұртшылықты мазалап жүрген көптеген сауалдарға ашық та айқын жауап бергенін айта келіп, мұның жариялылықтың үлгісі екеніне тоқталды.

— Мәселен, Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірге жол ашқан қаңтар оқиғасының көпшілік анық біле бермейтін тұстары туралы Президентіміз нақты деректерді келтіре отырып, түсіндіріп берді. Бұл — өте маңызды мәселе.

Мемлекет басшысы: «ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс», —  деп атап көрсетті. Біздің «Ақтөбе Медиа» компаниясына қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы Президент сұхбатында айтылған басым бағыттарды насихаттау, халыққа жеткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Облысымыздағы іргелі оқу орындарының бірі — Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі мен біздің мекеме арасында берік байланыс орнады. Колледж оқытушылары мен студенттері арасында біздің оқырмандарымыз да, штаттан тыс тілшілеріміз де аз емес, —  деп сөзін түйіндеді Айгүл Нұркеева.

Колледждің тарих және саясаттану пәні оқытушылары Ардақ Ыбыраева, Ғайса Нұрманов, Фариза Жайлыбаева Президент сұхбатына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Әсіресе Мемлекет басшысының ел тарихындағы даңқты тұлғаларға құрмет көрсету туралы ойлары жұртшылықтың ұстанымымен үндес екені айтылды. Белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың мерейтойлары колледж қабырғасында да аталып өтпекші. Бұл жас буынды алдыңғы толқын рухында тәрбиелеуге, солардай болуға ұмтылуға әсерін тигізеді деп есептейді оқытушылар.

Басқа материалдар

Back to top button