АуданЭкономика

Құс өсіріп, жұмыртқа өндіреді

Қобда жұртының дәстүрлі кәсібі — құс шаруашылығы соңғы кезде жаңа қарқынмен белең алып,  бірқатар азаматтарымыз үйрек-қаз, тауық өсіріп, аудан экономикасына өзіндік үлес қосуда.  

2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бастапқы бизнесті іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. Әсіресе, аудандағы жұмыссыз азаматтар мен көпбалалы отбасылар гранттың игілігін көріп жатыр. Жалпы аудан тұрғындары еліміздегі кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалардың бәріне де қатыса алады.

Жоғарыда айтқанымыздай құс өсіру әсіресе өзен-суы мол ауылдық жерлерде қолайлы.

Осы орайда құс өсіріп, пайда табуды ойлаған Жарсай ауылының тұрғыны ,көпбалалы әке Айболат Жакупов  еңбекқор жігіт.   Ол аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласады. Ол жердегі мамандардың нұсқауымен  аталған бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант жеңіп алады. Құс өсіруді кәсіп етіп, қазіргі таңда шаруашылығын дамытып отыр.

Бабын тауып бақсаң тауық өсіріп те табысқа кенелуге болады. Әрине айтуға оңай болғанмен, бұл сөздің артында ауыр еңбек жатыр. Құсқа күнделікті жем-суын беріп, қора-қопсыны таза ұстау да оңай емес. Алайда соның бәріне төзіп, ерінбей еңбектенсең, сәбидің жұдырығындай әр жұмыртқа қалтаға теңге боп түседі.

Айболат Жакупов, кәсіпкер:

—  Құс өсірудің қыр-сырын бала күнімнен білетінмін. Бағдарлама туралы естіп, бақ сынағанды жөн көрдім. Грант жеңіп, қаржы қолға тиген соң 250 ден аса тауық сатып алдым. Балапан басқызып шығарып сату үшін инкубатор, тоңазытқыш, генератор алдым. Жұмыртқасын  сатып, пайда қыламын. Құсты көбейту үшін күтім керек. Ол үшін жайылым жер қажет. Қамап ұстағаннан кейін санын көбейте алмай отырмын. Болашақта жер алсам, шаруашылықты әрі қарай кеңейтемін.  Құс шаруашылығының қиыншылығынан бөлек, жем бағасы да ұшып тұр. Кәсіпкерлікті дамыту оңай жұмыс емес. Оның ішінде құс шаруашылығы үлкен еңбекті қажет етеді. Уақытпен санаспай, әрдайым тынымсыз еңбек етіп, аудан нарығын жергілікті тауықпен, олардың жұмыртқасымен қамтамасыз етіп отыру басты мақсатымыз. Өзім сияқты ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламаның ұтымды жақтарын пайдалануға шақырамын, — дейді кейіпкеріміз.

Аудан орталығында құстың етінен бөлек, жұмыртқасы да әжептеуір пұл болып тұр.

Құс шаруашылығы дамымай қалған өңірге оның еті мен жұмыртқасы сырттан тасымалданады. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы әмәнда құбылмалы.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қатарындағы жұмыртқа биылғы қыста 70-80 теңгеге дейін жетті. Бірақ дүкен сөрелерінде тұрып қалған бірі жоқ. Жоқ затқа халық қашанда әуес қой.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еңбек адамының қоғамға көбірек пайдалы екендігін айтқан болатын. Ендеше, отбасы, әулетін асырау үшін, жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жасайтын еңбек адамын үлгі етудің саяси да маңызы зор..

Анаргүл ЕГІЗБАЕВА.

Басқа материалдар

Back to top button