Биыл 19 қаңтарда православтық христиандар «Крещение Господне» мерекесін атап өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осы мерекеде суға түсетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі айтылды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсыновтың айтуынша, биыл өңірде шоқыну рәсімі кезінде суға түсу үшін
16 орын жасақталған. Оның 3-еуі Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан. Су айдындарындағы мұздың қалыңдығы — 30-45 сантиметр.
— Биыл департамент пен ведомстволық бағынысты бөлімшелердің жеке құрамы 18-20 қаңтар күндері кезекшіліктің күшейтілген түріне көшіріледі. Олар суға түсетін орындарда кезекшілік атқарады. Барлығы 111 адам және 46 техника тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Бұл күндері ауа температурасы орташа есеппен күндіз -9, -11 және түнде -17, -20 градус аяз болады деп болжануда, — дейді ол.
Оның айтуынша, шоқыну кезінде белгіленбеген жерлерде суға шомылған азаматтарға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Аталған департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, капитан Жанболат Төлепбергеновтің айтуынша, суға сүңгитіндер арнайы ережелерді есте сақтауы керек. Алдымен суға түсетін адам екі-үш сағат бұрын тамақтануы керек, алкогольдік ішімдік ішпеуге тиіс. Суға сүңгуден бұрын жаттығулар жасап, жүгіру арқылы денені жылытып алуы қажет. Сондай-ақ аяқтың сезімталдығын жоғалтпау үшін ыңғайлы және оңай шешілетін аяқкиім киюі керек.
— Суға түсіп шыққан адам сүлгімен жақсылап сүртініп, құрғақ киім кигені жөн. Сонымен қатар иммунитетті нығайту үшін алдын ала дайындалған термостан ыстық шай ішуі керек. Естеріңізде болсын, созылмалы ауруы бар адамдарға суға түсуге болмайды, — дейді ол.