АЭС арқылы тұрақты энергия көзін аламыз – ядролық физика маманы
Қазақстанда атом электр станциясын салу тәралы бастама көтерілген күннен бастап көпшіліктің көкейінде оның қауіпсіздігіне қатысты күмән пайда болды. Дегенмен мамандар АЭС бейбіт өмірдің кепілі және одан келетін қауіп пен зиянның жоқ екенін айтып, түсіндіруде. АЭС – әлемнің дамыған елдерінің барлығында бар және біраз уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Ядролық физика маманы Асхат Бекбаев АЭС – энергия көзін тұрақты беріп отыратын бірден бір құрал екенін атап өтті. Сондықтан әлемнің жетекші елдері энергия тапшылығы мәселесіне келгенде дәл осы атом электр станциясының көмегіне жүгінеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Асхат Бекбаев маман ретінде АЭС – энергия көзін тұрақты беріп отырады, сондықтан оны баламалы энергия көздерімен салыстыруға келмейтінін айтады.
АЭС-тің пайдалы әсер коэффициенті 90 пайызды құрайды. Балама энергия көздерінде, атап айтқанда күн электр станцияларында – 18-20 пайызды, жел электр станцияларында – 35-40 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде АЭС-тің энергия көзін берудегі мүмкіндігі жоғары. Сондықтан оны ең тиімді электр көзі деп атайды. Сонымен қатар, АЭС – экологиялық тұрғысынан таза, зиянсыз, — дейді Бекбаев.
Ол «АЭС-тің радиациялық әсері қандай?» деген сұрақтар жиі қойылатынын айтып, жауап бере кетті.
Бұл саланы көбісі түсінбегендіктен Семей полигоны және Хиросима мен Нагасакиді мысалға келтіріп жатады. Айта кету керек, Семей полигонында пайдаланылған уран – қару-жарақты уран болды. Оның байытылуы – 90 пайыз, ал АЭС-те қолданылатын уран ол – бейбіт болып саналады. Оның байытылуы – 4,5-5 пайыз. Яғни біз 4,5-5 пайызды ешқандай қару-жарақ ретінде қолдана алмаймыз. Сондықтан азаматтар қауіп мәселесіне келгенде алаңдамаса болады, — деп түсіндіре кетті.
Бүкіл әлемде АЭС – тұрақты энергия көзі болып саналады. Дегенмен оның балама көздері де жоқ емес. Сондықтан ядролық физика маманы Қазақстан балама көздерін де зерделіп көргенін айтады.
Қазіргі таңда елімізде АЭС-тен басқа да баламалы энергия көздерін дамытып келе жатыр. 2023 жылғы Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша баламалы энергияның көздерінен шығатын энергиясы бүкіл Қазақстандағы энергияның шығынына шаққанда 6 пайызын құрайды. Яғни энергияның баламалы көздері де параллелді түрде қарастырылып жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2035 жылы 26,5 ГВт жаңа энергия көздері іске қосылады. Оның ішінде АЭС қана 2,8 ГВт. Ал қалғандары күн, жел, газ және су мен биоэлектр станциялары бар. Сонымен қатар олар бүгінде параллелді түрде дамып жатыр, — дейді ол.
Қазақстанда «Мемлекеттік аудандық электр станциясы» жұмыс істейді. Онда күн, су, газ энергия көздерін пайдаланады. Осы тұрғыда маман Асхат Бекбаев Қазақстандағы ең тиімсіз электр энергия сутегі екенін алға тартты. Айтуынша, одан келетін шығын көп. Ал АЭС мұндай шығындарға жол бермейді.
Сутегі энергиясының қазіргі таңда бір үлкен проблемасы бар. Сутегіні алу үшін фотокатализді пайдаланады. Ал фотокатализға кететін энергия мен сутегінен шығатын энергиясының айырмашылығы + буынды болып саналады. Яғни сутегіні алу үшін жаратылатын энергиясы сутегі беретін энергиясынан әлдеқайда жоғары болғандықтан ол сұрақ толыққанды әлі шешілген жоқ. Ол ғалымдардың да ортасында жүрген сұрақ. Халықаралық мамандар да осы сұрақты шешуге тырысып жатыр, — дейді ядролық физика маманы.
Асхат Бекбаевтың айтуынша, Қазақстанға АЭС салу бойынша ұсыныс білдірген 4 мемлекеттің де реакторы сулы реактор. Олардың барлығы 3 және 3+ буынды болып келеді. Әрбір 4 мемлекеттің өзіндік тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында басқа елдерге де реактор салып келді. Олардың барлығы технология және қауіпсіздік жағынан өте жоғары деңгейдегі реакторлар.
Мамандардың пайымдауынша, АЭС бүкіл Қазақстандағы энергия тапшылығының 10 пайызын ғана шешіп бере алады. Ал Асхат Бекбаев елімізде салынатын АЭС ең болмағанда оңтүстік өңірдің жартысынан астамын энергия қуатымен қамти алатынын атап өтті.