АУРУХАНАДАҒЫ ЖИЫН
Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасында Конституцияның жаңа жобасындағы өзгерістер түсіндірілді.



Медициналық орталық ұжымымен кездесуге келген өңірлік коалиция мүшелері — М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректоры Талғар Әбілов, облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сабыр Ата Заңның жаңа редакциясындағы адам құқығы мен бостандықтары, азаматтардың денсаулығын сақтау мен медициналық көмек алу құқығы, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі, т.б. өзгерістерге тоқталды.
Қ.Сабыр жаңа жобадағы медицина саласына қатысты өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырып, ел тұрғындарының сапалы дәрігерлік қызметке қолжетімділігін арттыратынына тоқталды. Жаңа жобаның стратегиялық басымдығы ретінде адами капиталды дамыту белгіленгенін, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттары ретінде білім беру, ғылым, мәдениет және инновациялық шешімдер айқындалғанын айтты:
— Медицина саласының өкілі ретінде денсаулық сақтау мәселесіне ерекше тоқталғым келеді. Конституцияда азаматтарға тегін медициналық көмек алу кепілдігі туралы айтылған. Бұл — халық үшін өте маңызды әлеуметтік норма. Сонымен қатар еңбек ету құқығы, еңбек қауіпсіздігі, жұмыс орнының қорғалуы секілді мәселелер де жаңа Ата Заң аясында қарастырылған.
Жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктерінің бірі — адам және адами капитал мәселесіне ерекше басымдық берілуі. Статистикалық тұрғыдан алғанда, қолданыстағы Конституция мәтінінде «адам» сөзі шамамен 52 рет кездессе, жаңа жоба нұсқасында бұл ұғым 76 рет қолданылады. Бұл — жай ғана сандық өзгеріс емес, мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын алдыңғы орынға қоюдың айқын көрінісі. Яғни жаңа Конституцияның өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғалуы және дамуы тұр. Адами капиталды дамыту — білім беру, денсаулық сақтау, еңбек құқықтары, әлеуметтік кепілдіктер секілді бағыттармен тығыз байланысты. Мемлекет үшін ең басты құндылық адам екені конституциялық деңгейде күшейтіліп отыр. Сондықтан бұл өзгерістер әр азаматтың мүддесіне тікелей қатысты деп есептеймін, — деді Қ.Сабыр.
Талғар Әбілов Конституцияның жаңа жобасындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғам өмірінің әлеуметтік және құқықтық негізін қалыптастыру, медициналық көмекті тегін алу, дәрігерлердің қауіпсіздігі, тіл мәртебесі, т.б. мәселелерге тоқталды.
— Жаңа құжатта адами капиталға — білім мен ғылымға басымдық беріліп отыр. Бұл экономиканың әрі қарай дамуына жол ашады. Сонымен қатар халықтың денсаулығы, әр азаматтың заңда белгіленген көлемде ақысыз медициналық көмек алуы, сапалы медициналық қызмет мәселелері туралы да нақты баптарда айтылған.
Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі, ал орыс тілінің ресми түрде қатар қолданылатыны көрсетілген. Жалпы, екі немесе бірнеше тіл білу адамның білімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Көп тіл меңгеру — заман талабы. Ғылым саласында ағылшын тілін білу маңызды. Ағылшын тілін меңгерген маман ақпаратқа бірінші болып қол жеткізеді.
Бізде академиялық мобильділік бағдарламалары бар. Студенттеріміз шетелдік оқу орындарына барып, білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтай алады. Алайда кейбір жастар тіл білмеу себебінен мұндай мүмкіндіктерден бас тартып жатады. Сондықтан бірнеше тіл білу — үлкен артықшылық, — деді ол.
Жиында сөз сөйлеген аурухана басшысы Қайрат Жетібаев, сала ардагері Жексенбі Көптілеуовтер де пікірлерін білдіріп, ұжымды 15 наурызда болатын референдумға белсенді қатысуға шақырды.
М.ТАБЫН.