Тазару күні: Наурыз және экологиялық мәдениет
АСТАНА. KAZINFORM – 14 наурызда басталған 10 күндік «Наурызнаманың» соңғы күні ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару күні» азаматтарға қоршаған ортаны қорғау туралы түсінікті кең таратып, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік бередіНаурыздағы тазалық шаралары
Наурыз – табиғат пен адам үйлесімінің, молшылықтың, жаңару мен тазалықтың мерекесі. Мерекенің басты мәні – қыс мезгілінен көктемге көшу, табиғаттың (және адамдардың) жаңаруын бейнелеу. Бұл кезең терең символдық мәнге толы, оның негізгі қағидасы – тазару арқылы жаңару. Дәстүр бойынша, Наурыз мейрамында адамдар өз үйлерін, аулаларын, көшелерін ретке келтіріп, тазалық шараларын өткізеді. Бұл – табиғатқа деген құрметтің, қоғамға деген жауапкершіліктің көрінісі.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Табиғатты аялау халқымыздың мәдениетінде ертеден бар. Соның ішінде, бұлақтың көзін ашу сауапты әрі маңызды іс саналатын. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қанатты сөз бар. Бұл халық даналығы табиғатты қорғауға, су көздерін тазартуға шақырады. Бұлақтардың көзі бітелсе, су лайланып, ағысы тоқтап, айналадағы тіршілікке зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан Наурыз мейрамында ауыл тұрғындары, оқушылар мен еріктілер бұлақтардың көзін ашып, су арналарын тазартуға белсенді қатысады.
Бұл күн – табиғатпен үндестікті сақтаудың маңыздылығын және адамның қоршаған әлемнің ажырамас бөлігі екенін еске салатын сәт. Ұлттық мерекеге экологиялық акцияларды қосу – Мемлекет басшысы көтерген экологиялық мәселелер аясында қоршаған ортаны қорғаудың маңызын көрсетуді де көздейді. Мұндай кең ауқымды экологиялық бастамалар Наурызнама онкүндігінің қорытындысы ғана емес, жаңа жылды таза қоршаған ортада, игі ниетпен қарсы алуға негіз болады.
Фото: Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы
Тазару күніне орай ұйымдастырылатын шаралар көп. Солардың бірі – «Жер сағаты» халықаралық экологиялық акциясы жыл сайын Халықаралық жабайы табиғат қорының (WWF) қолдауымен өткізіліп келеді. Биылғы акция 22 наурыз күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейінгі аралықта өтті. Қор жарықты және тұрмыстық техникаларды бір сағатқа сөндіріп, планетамызға бей-жай қарамайтынымызды көрсетуге шақырады. Бұл уақытта дүние жүзіндегі танымал ғимараттар мен ескерткіштердің жарығы да сөнеді. Бұл – әлемдегі ең үлкен, көп адам қатысатын экологиялық акция.
Фото: Kazinform
Сондай-ақ, «Дүниежүзілік тазалық күні» (World Cleanup Day) аумақты тазарту, ағаш отырғызу, табиғи нысандарды абаттандыру шаралары өтеді. Елімізде бұл науқанды Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, «Жасыл» және G-Global даму коалициясы, «Біз таза ел үшін» экологиялық қозғалысы, «Zhasyl Qalqan» ұйымы өткізеді.
«Таза Қазақстан» − бастамадан тұжырымдамаға дейін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен жылдың сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған еді. Көктемгі су тасқынымен арпалысқан шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне босаңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті.
− Су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бір реттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек, − деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында.
Фото: akorda.kz
Нәтижесінде, өткен жылы «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына 2,4 миллион адам қатысып, жүздеген мың аула мен аумақ тазартылған, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылған. Шамамен 2,5 миллион көшет отырғызылды, 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды.
Бес мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метрден аса арық тазартылды.
Экология министрлігінің хабарлауынша, 2019-2023 жылдары елімізде орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Егер өткен 5 жылда акцияларға 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналып, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылса, 2024 жылы экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 миллион ағаш егілді.
Сонымен бірге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысты.
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы
Бұған дейін Kazinform сайтында Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Орал қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланған еді.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасы 2029 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұжырымдама мәртебесіне ие болды. Құжатта экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді іс-шаралар айқындалды.
Қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті қандай
«Таза Қазақстан» бастамасы 2029 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұжырымдама мәртебесіне ие болды. Құжатта экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында кешенді іс-шаралар айқындалды. Сондай-ақ, тұжырымдамада экологиялық ойлау мәдениетін, саналы тұтыну, ресурстарды үнемдеу, бизнес жүргізу мәдениетін дамыту тетіктері жазылған.
Тұжырымдамада қазақстандықтардың экология, шикізат пен қалдықтарды қайта өңдеу тақырыптарын қаншалықты өзекті деп санайтыны туралы әлеуметтік зерттеу келтірілген. Белгілі болғандай, респонденттердің 82,3%-ы бұл мәселені «өте өзекті» және «өзекті» деп санайды. Әсіресе, Ақтөбе (96,4%) және Қостанай (95,7%) облысы тұрғындары аса қызығушылық танытты. Құлықсыздық Ақмола облысы тарапынан байқалды (38,5%).
Дегенмен, бұл мәселеге қызығушылық өте жоғары болса да, экологиялық әдетке қатысты жағдай көңіл көншітерлік емес. Халықтың төрттен бір бөлігі ғана қоқысты сұрыптайды (25,3%), әрбір бесінші дүкен (21,8%) эко-сөмкені амал жоқтан пайдаланады, сол сияқты су мен электр энергиясын бәрі бірдей үнемдей бермейді (57,1%). Бір қызығы, жастарда (18-28 жас) қоқысты сұрыптау әдеті ғана жоғары (27,5%), ал жалпы алғанда экологиялық сана төмендеу.
Қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау үлесі әлі де төмен, дегенмен оң динамика байқалады. 2018-2023 жылдар аралығында Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу және сұрыптау 11,5%-дан 24%-ға дейін ұлғайды. (Еуропа елдерінде орташа деңгей шамамен — 50%, Жапонияда — 40%-дан астам, Оңтүстік Кореяда — 60%).
Талдау көрсеткендей, бастапқы энергияны тұтыну деңгейі бойынша ТМД-да көшбасшы елміз. Қазақстанда алдағы бес жылдағы болжам бойынша су тапшылығы 15% болуы мүмкін екендігіне қарамастан, тұтыну деңгейі артты. Автокөліктер есебінен де экологиялық жүктеме артып келеді. 2023 жылы тіркелген автомобильдердің жалпы санында 20 жылдан астам уақыт бұрын шығарылған көлік басым.
Фото: Kazinform
Сонымен қатар бизнестің экологиялық жауапкершілігінің төмендігін көрсететін деректер келтірілген. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы экологиялық заңнаманың сақталуына 652 тексеру жүргізді. Жалпы сомасы 322,9 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды, одан 11,3 млрд теңге өндірілді. Айыппұлдың дені артық және ерікті эмиссиялар үшін салынады.
Қоқыс туралы қайда хабарлау керек
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Телеграм желісінде @TazaQazBot іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарлама жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.
Фото: pixabay.com
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін барлық өтінімдер 21 санатқа бөлінген. Өтінімдердің ең көп саны аумақтарды жинау (4051 өтінім), тұрмыстық қоқысты шығару (1080 өтінім), көшелерді тазалау және абаттандыру (926 өтінім), жол жөндеу (656 өтінім) бағыттары бойынша келіп түскен. Телеграм-бот іске қосылған сәттен бастап 14 354 өтінім келіп түсті, оның 13 мыңнан астамы орындалса, мыңнан астамы критерийге сәйкес келмегені үшін қабылданбаған.
Айта кетейік, жақында Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында да Президент «Таза Қазақстан» бастамасы туралы айтты.
− Тазалық мәселесі әрдайым назарда болуға тиіс. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Бастамаға азаматтар жаппай қолдау білдірді. Акция жалпыұлттық сипатқа ие болды. Күн жылынып келеді, енді жұрт сенбілікке шығып, айналасын тазалайды. Бұл – өте дұрыс. Мен бұған дейін де айттым, «Таза Қазақстан» – жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
https://kaz.inform.kz/news/tazaru-kun-nauriz-zhane-ekologiyalik-madeniet-79fbb7/