ОблысЭкономика
Басты тақырып

Инвесторларды қолдау шаралары күшейтілді

Облыстық прокуратурада инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, мемлекеттік органдар, бақылау-қадағалау органдарының және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Шара аясында «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасы түсіндірілді. Жоба инвесторларға мемлекеттік органдар тарапынан салынатын тыйымдар мен шектеу шараларын қамтиды. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті инвесторлар пулын өзектендіруді, аудандарда жекелеген жұмыс топтарын құру арқылы фронт-кеңселердің жұмысын күшейтуді, сондай-ақ өңір экономикасындағы нақты сектордың инвестициялық тартымдылығын талдауды ұсынды.

«Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасын Бас прокуратура Президенттің тапсырмасы бойынша әзірледі. Бұл жобаның басты мақсаты — инвестициялық жобаларды прокурорлар тарапынан сүйемелдеу тетігін жетілдіру және профилактиканың тиімді құралдарын енгізу.

— Енді уәкілетті мемлекеттік органдар инвесторларға қатысты тыйым салу және шектеу шараларын, атап айтқанда, қызметті тоқтата тұру, рұқсаттан айыру немесе осы рұқсаттың қолданылу мерзімін ұзартудан бас тарту, сондай-ақ келісімшарт немесе келісімді біржақты тәртіппен бұзу сияқты шешімдерді қабылдамас бұрын прокуратура органдарымен келісу қажет. Мұндай шаралар инвесторлардың мүдделерін қорғаумен қатар елде қолайлы инвестициялық орта құруға бағытталған, — деп атап өтті облыстық прокуратураның 3-ші басқармасының бастығы Асланбек Сәбитов.

Инвестордың мәртебесін айқындау үшін инвесторлар тізілімі құрылады, оны инвестициялар саласындағы уәкілетті орган — Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті ресми интернет-ресурстарында жариялайды.

Айта кетейік, былтыр облыста прокурорлар тарапынан маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-кеңсе жұмысын бастады. Құрамында кәсіпкерлер палатасы, облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасы, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, ЭД, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ҰҚКД өкілдері бар.

Бизнестің қатысуымен фронт-кеңсенің бірқатар отырыстары «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткізілді. Индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен «Kazakh Invest» өкілдерімен, сондай-ақ кәсіпкерлермен бірлесіп, инвестициялық жобаларға сәйкес, бизнестің проблемалық мәселелері талқыланды.

Бүгінгі таңда облыс әкімдігі инвестициялық жобалар пулына жалпы сомасы 4,2 трлн теңгеге 70 жоба енгізді.

— Қабылданып жатқан шаралар өңірдегі инвестициялық қызметтің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етудің маңызды құралы болады. Біз өңірде тұрақты қолайлы инвестициялық ахуалды бірлесіп қалыптастырып, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және түрлі әкімшілік кедергілерді шешу жөніндегі жұмысты жалғастыруымыз қажет, — деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.

Басқа материалдар

Back to top button