Қобда тұрғындары саяси науқанда жоғары белсенділік танытты

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Темірбай Абат Кәкімұлы:
Бүгінгі маңызды саяси науқанда Қобда ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, ел болашағына бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Дауыс беру – әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар мемлекет дамуына қосатын жауапты үлесі.
Exit poll нәтижесіне сәйкес 86,7 пайыз көрсеткіштің тіркелуі – аудан тұрғындарының азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді. Қобдалықтар бұл науқанға үлкен ынтамен қатысып, өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне деген сенімдерін білдірді.
Бұл – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, ортақ мақсатқа деген ұмтылысының айқын көрінісі. Қоғамдық кеңес әрқашан тұрғындардың пікірін ескеріп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту бағытында жұмыс жасап келеді. Осындай маңызды сәттерде халықтың белсенділігі мен жауапкершілігі ерекше байқалады.
Аудан тұрғындарының саяси мәдениеті мен азаматтық ұстанымының жоғары екенін бүгінгі күн тағы да көрсетті. Барша қобдалықтарға белсенділік танытып, өз азаматтық міндетін орындағаны үшін алғыс білдіремін. Бұл – еліміздің тұрақтылығы мен дамуына қосылған үлкен үлес деп білемін.