Британиялық сарапшы: АЭС — таза энергия көзі
ЛОНДОН. KAZINFORM — Британиялық сарапшылар алдағы 50-100 жылда әлем толығымен таза энергияға бет бұрады дейді. Осы тұрғыда ядролық энергетикаға көшудің маңызы зор, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Саймон Маршалл Дүниежүзілік энергетикалық конгрестің өкілі. Штаб пәтері Лондонда орналасқан ұйыммен 100-ге жуық мемлекет жұмыс істейді.
Конгрестің негізгі мақсаты энергетика саласының бүгіні мен болашағын талқылау үшін әлем сарапшыларының басын біріктіру.
«KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы да конгреспен қоян-қолтық жұмыс істейді.
Маршаллдың пікірінше, атом электр станциясын салудың пайдасы көп.
“Әлбетте, АЭС құрылысы кезінде және пайдалануға берілгеннен кейін де жұмыс орындары ашылады. Таза және сенімді энергия көзі энергетикалық тәуелсіздікке жетелейді. Сырттан тасымалданатын қуат көздеріне деген қажеттілікті азайтады. Және ең бастысы — АЭС экологиялық таза энергия береді”, — дейді Дүниежүзілік энергетиякалық конгрестің өкілі Саймон Маршалл.