АуданҚоғам
Басты тақырып

Қайтарымсыз гранттар биыл да беріледі

Жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын құру және көктемгі су тасуына дайындық жұмыстары  дүйсенбіде аудан әкімі Ізгілік Тынымгереевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісіне арқау болған тақырыптар болды. Қобда аудандық мансап орталығының директоры Қуаныш Бегалиев 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының жұмыспен қамту шараларының 2023 жылдың қорытындылары бойынша орындалуы және 2024 жылға қойылған жоспарлар бойынша мәлімдеді.

Оның айтуынша есепті жылы 2819 адам жұмыспен қамту шараларына тартылған.Оның ішінде ауданымызда бос жұмыс орындарына 1397 адам
жолданыпты. 23 азаматқа қайтарымсыз грант беріліп, өз істерін ашуларына мүмкіндік берілген. Қуаныш Бегалиев сондай ақ «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» сынды бағдарламалардың ауылдардағы орындалу деңгейіне тоқталды.

Мансап орталығының директоры 50 азаматты мерзімдік оқуына, 395 адамды онлайн оқуға, 554 адамды Бастау-Бизнес кәсіпкерлік негіздері оқуына жолдау жоспарланып отырғанын хабарлады.
Халықтың көңілінен шыққан бағдарламаның бірі Қайтарымсыз гранттардың биылғы саны азайтылып, үстіміздегі жылы тек 15 осал топтағы азаматтарға берілетінін де жасырмады.

Аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев халықты жұмыспен қамтудың маңыздылығын алға тартып, жоспарды орындамаған ауылдық округтерін сынға алды.

Одан кейін сөз алған аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Руслан Суликанов су тасқынының алдын-алу шаралары жайлы жан-жақты баяндады.

Оның айтуынша қазіргі таңда 20 мың дана қапшық, 5 дана су сору техникасы, 10 дана инженерлік техника, 31 дана мотопомпа, 2 дана моторлы қайық, 1 алюминді қайық,, 10 дана үрмелі 2 орынды қайық, 200 тоннаға жуық инертті материал дайын екенін мәлімдеді.

Былтырғы жылғыдай тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу және су тасқынының алдын-алу мақсатында : «Орал-Ойыл» автомобиль жолы аралығындағы бағыттаушы бөгетті қалпына келтіру жұмыстары» бойынша   бөгеттің  жалпы ұзындығы  4 шақырым 940 метрді  құрайды. Оның ішінде 1 шақырым 700 метр жұмыстары аяқталды, бұл жалпы жұмыс көлемінің 34 пайызы болып табылады.

Көктемгі су тасқынын алдын алу мақсатында қазіргі таңда «Орал-Ойыл» автомобиль жолы аралығындағы бағыттаушы бөгетіне «Элитстройсервис-Ақтөбе» ЖШС-нің демеушілік көмегімен әрі карай 3240 метр арық қазу жұмыстары жасалды, жасалған арық бөгеттің жалғасы болып табылады, мақсаты  — далалықтан келген еріген қар суларын бағыттап арыққа бұру.

Қобда ауданындағы «Сауқайың» қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жұмыстарына 103 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Мердігер Ақтөбе қаласындағы  «ГидроСервис Ақтөбе» ЖШС. Бөгеттің жалпы ұзындығы 1 шақырым 700 метрді құрайды. Су өткізгіш құбырларды бетон және қиыршық таспен нығайту жұмыстары жүргізілді.  Бүгінгі күні жұмыс толық аяқталып отыр. Аталған қорғаныс бөгетіне қосымша  500 метр жасанды қорғаныс бөгеті салынды.

Қобда ауылының батыс бөлігіндегі  «Батыс» бөгетін қалпына келтіру  нысаны бойынша  облыстық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникалары және ауыл техникаларының күшімен «Аиди» кафесі – И.Білтабанов көшесі бойына  ұзындығы  1100 м, биіктігі 2 м болатын  су өткізгіш  құбыры салынып, жасанды  қорғаныс бөгетінің жұмысы  аяқталды.

Сонымен қатар жоғарыда атқарылған  жұмыстарға қоса лиман жағалауына   (Щербак – Қобда қазақ орта мектебі жанындағы стадион  — А.Әкімжанов — ағ.Көпжасаровтар көшелері) ұзындығы 1050 м болатын, Қобда – Ойыл бағытында орналасқан Тәуелсіздік көшесінің бойына ұзындығы 800 м қосымша жасанды қорғаныс бөгеті  салынғанын жеткізді.

Аудан басшысы осы мәселе бойынша жауапты мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар беріп, орындалмаған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.

Б. Абылаев

 

Басқа материалдар

Back to top button