Жаңалықтар

Президент Жолдауын іске асыру: мемлекеттік бақылау және «Тәуекелдер картасы» арқылы 28 мың жұмыскердің құқығы қорғалып, жарақаттану 11%-ға төмендеді

Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде жұмысшылардың құқықтарын қорғау мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа шаралар іске асырылуда. Негізгі мақсат – әрбір азаматтың жұмыста өз денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмей еңбек етуіне жағдай жасау.
Осыған байланысты Үкімет мемлекеттік бақылауды күшейтіп, заңнаманы жетілдіру жұмыстарын қолға алды. «Еңбек тәуекелдерінің картасы» сияқты заманауи құралдар енгізілді. Бұл жоба арқылы кәсіпорындардағы жағдай алдын ала талданып, тәуекелі жоғары нысандарға ерекше назар аударылады. Нәтижесінде 95 мыңға жуық кәсіпорын қамтылды.
Жыл басынан бері қабылданған шаралардың арқасында өндірістік жарақаттану айтарлықтай төмендеді: зардап шеккендер саны өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға, қаза тапқандар саны 14,7%-ға азайды. Бұл – еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар, 28 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалды.
Жаңа заң нормалары да әзірленіп жатыр. Енді тау-кен, мұнай-газ және басқа да ірі салалардағы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер міндетті түрде құрылады. Техникалық инспекторлардың мәртебесі заңмен бекітіліп, қажет болған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізуге мүмкіндік кеңейтіледі. Бұл жұмысшылардың құқықтарын қорғауды тағы да күшейтпек.
Ақтөбе облысында да еңбек қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі ірі өндіріс орындары «Еңбек тәуекелдерінің картасы» жобасына қатысып, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын жетілдіруде. Нәтижесінде аймақта жарақаттану деректері азайып, жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайын жасау бағытында нақты жетістіктер байқалып отыр.

Сағындыкова Мухтарита,
«Қызмет» салалық кәсіподақ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы

Басқа материалдар

Back to top button