Жаңалықтар

Қазақстан экономикасын реформалауға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр — Президент


АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан экономикасын реформалауға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

– Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын реформалауға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мен Жолдауда ұсынған жоспарлар аталған бастаманы одан әрі өрбітеді. Бұл жерде еліміздің жаңа индустриалды қалыбын құру жөнінде сөз болып отыр. Энергетика және коммуналдық инфрақұрылым біртіндеп жаңғыртыла бастады. Қазақстан Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі құрлық дәлізі саналады. Сондықтан көлік-транзит әлеуетімізді арттыруға айрықша күш саламыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа инвестициялық кезеңді бастауға және азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөлінетіндігін айтты.

— Осы орайда мемлекет инвестициялық ахуал мен іскерлік ортаны жетілдіруге кірісті. Ұлттық экономиканы дамыту ісінде мемлекеттің ауқымды қаржылық мүмкіндігін жұмылдырумен қатар, ірі инвестиция тартуға тырысамыз. Дегенмен біздің басты байлығымыз – адам. Сол себепті мемлекет адам әлеуетін нығайту бағытында кешенді шара қабылдады. Ұстаздарды, дәрігерлерді, ғалымдар мен инженерлерді, жастарды қолдау тетіктері жаңа деңгейге көтерілді, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғанын тоқталды.

— Бұл шешім қоғамда еңбекқорлық культінің маңызды екенін көрсетеді. Біз жаңа мектептер құрылысына, жоғары білім, ғылым, спорт және креативті индустрия салаларын дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғыртуға қомақты қаржы бөліп отырмыз. Қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру үшін жан-жақты шаралар қабылданды. Былтыр «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталып, оған миллиондаған отандасымыз қатысты. Мұның бәрі Әділетті, Таза, Қауіпсіз, Қуатты, Цифрлық Қазақстанды – жауапкершілігі жоғары азаматтардың мемлекетін, мүмкіндіктер мен прогрестер елін құру жолындағы басты бағдар саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтіп жатыр.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.

https://kaz.inform.kz/news/kazakstan-ekonomikasin-reformalauga-katisti-aukimdi-zhumis-atkarilip-zhatir-prezident-56b291/

Басқа материалдар

Back to top button