Жаңалықтар

Индустриялық аймақ: жаңа өндіріс, жаңа мүмкіндіктер

Ақтөбе қаласында орналасқан индустриялық аймақ — бүгінде өңір экономикасының дамуына серпін беріп отырған маңызды орталықтардың бірі. Қазіргі уақытта аталған аймақтың 90 пайызы игерілген. Биыл алғашқы жартыжылдықта 10,7 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Индустриялық аймақтың Ақтөбе қаласы үшін маңызы зор. Мамандардың айтуынша, оның маңыздылығын бірнеше негізгі аспект бойынша қарастыруға болады. Ең бастысы — индустриялық аймақ өңірдің, оның ішінде Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуетін дамытудағы басты тетіктердің бірі. Мұнда орналасқан кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, қаланың жалпы ішкі өніміне елеулі үлес қосады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инвестиция тарту, қаланың инфрақұрылымын дамыту, экономиканы әртараптандыруда, инновация мен заманауи өндіріс орындары жаңа технологияларды пайдаланып, жергілікті кәсіпорындарды жаңғыртуға түрткі болуда.

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ақкүл Әкімжанованың айтуынша, индустриялық аймақта жыл басынан бері «Capital Plast KZ», «ЭкоМикс» сияқты жаңа жобалар іске асырылып жатыр. Осы жобалардың негізінде алғашқы жартыжылдықта 10,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Мәселен, «ЭкоМикс» ЖШС жаңа технологияларды пайдалану арқылы заманауи өндіріс орнын іске қосқан. Бұл — құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт. Кәсіпорынның ерекшелігі — өз зертханасының болуы және құрылыс қоспаларын қысыммен жағу (торкреттеу) технологиясын қолдануы. Бұл әдіс құрылыстың беріктігі мен сенімділігін арттырады.

17 жобаның нәтижесі

— Ақтөбе индустриялық аймағы — бүгінде өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп отырған маңызды орталықтардың бірі. Мұнда еліміздің және шетелдік инвесторлардың қатысуымен экономиканың басым салаларында келешегі зор инвестициялық жобалар шоғырланған. Корпорация тарапынан мұнда инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалған. нақтырақ айтсақ, инфрақұрылыммен қамтылуы, жалға алу жеңілдіктері, жобаларды жан-жақты қолдау индустриялық аймақтың қарқынды дамуына септігін тигізуде. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өңір экономикасының әртараптандырылуына үлес қосып отыр, — дейді Ақгүл Әкімжанова.

Бүгінде индустриялық аймақ аумағында химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және өңдеу салаларында 17 жоба табысты жүзеге асырылды. Жалпы инвестиция көлемі — 31,85 млрд теңге. Бұл жобалар нәтижесінде 634 жаңа жұмыс орны құрылды. Игерілген жер көлемі — 57,4 гектар.

Нақты талап және жүйелі бақылау

— Қазіргі уақытта металлургия, мұнай-химия және құрылыс индустриясы сынды стратегиялық салаларда 10 жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Бұл жобаларға 88,3 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, нәтижесінде 807 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Аталған жобалар үшін 79,06 гектар жер бөлінді. Былтыр 75 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ірі жобалардың қатарында қуаттылығы жылына 15 000 тонна этиленамин өндіретін «Chemical Synergy Qazaqstan» серіктестігі зауытының құрылысы және «Зерде-Керамика Ақтөбе» керамогранит пен керамикалық плита шығаратын зауыт бар, — дейді корпорация өкілі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта индустриялық аймақтың 90 пайызы игерілген.

— Индустриялық аймаққа жаңа жобаларды тиімді орналастыру мақсатында инвесторларға қойылатын нақты талаптар енгізілді. Яғни олар 1 гектар жерге кемінде 350 миллион теңге инвестиция салуы керек. Сонымен қатар резиденттердің қызметі жүйелі түрде бақылауға алынады. Егер жер учаскелері мақсатсыз немесе игерілмей жатса, онда олар белсенді инвесторларға қайта бөлінеді, — дейді Ақгүл Әкімжанова.

Қағаз өндірісі дамиды

Биыл индустриалық аймақ базасында 10,3 миллиард теңге инвестиция көлемінде іске асырылып жатқан жобалардың бірі — картон және қағаз өндіретін зауыт. «Capital Plast KZ» ЖШС өндіретін өнімнің жылдық қуаты — 42 000 тонна жалпақ қабатты картон. Келер жылы толық қуатта іске асыруды жоспарлап отырған кәсіпорын өнімді сыртқа экспорттайтын болады. Яғни өндірілген өнімнің 30 пайызы ішкі нарыққа, қалған бөлігі көршілес Ресей Федерациясына өткізілмек.

Корпорация өкілдерінің айтуынша, бұл кәсіпорынның қағаз, картон өндірісінде бәсекелестік артықшылықтары зор. Ең бастысы — өндірістің географиялық орналасуының ыңғайлылығы. Сондай-ақ ірі тұтынушы өңірлермен жобаны іске асыру үшін логистикалық қолжетімділігі, негізгі шикізатпен қамтамасыз ету, шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік зор. Өндірістің заманауи автоматтандырылған технологияларды қолдануы, өнімнің жоғары сапасы мен әртараптандыру мүмкіндігі, осының барлығы елімізде шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға ықпал етпек.

— Гофрленген қағаз немесе картон, сондай-ақ қағаздан немесе картоннан жасалған ыдыс және орау материалдарын өндірумен айналысатын кәсіпорын қайта өндірілетін макулатура сияқты шикізатты халықтан жинау үшін Ақтөбе қаласынан бөлек, Ақтау, Атырау, Орал, Қостанай сияқты өңірлерде қабылдау пункттерін ашып, сұрыпталған шикізатқа арналған контейнерлер қоюды жоспарлап отыр. Жоба толық іске асырылғанда 170-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, — деді Ақгүл Әкімжанова.

Бүгінде қала маңындағы бұл индустриялық аймақ отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды алаңға айналды. 2024-2025 жылдары ғана 85,7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл —аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіміне оң серпін беріп қана қоймай, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақтың дамуы — жол, инженерлік желілер, электр және газ инфрақұрылымдарының жаңартылуын қажет етеді. Бұл тек аймақ аумағына ғана емес, бүкіл қаланың инженерлік әлеуетіне оң әсер етеді. Ең бастысы — аймақтың өнеркәсіптік болашағын айқындайтын стратегиялық нысан облыс орталығы тұрғындарының да әл-ауқатын арттыруға, бизнеске қолайлы жағдай жасауға және Ақтөбені еліміздегі алдыңғы қатарлы индустриялық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Back to top button