АуданСпорт
Басты тақырып

Нәтижелі жұмыс — сапалы көрсеткіш

Былтыр көктемде Қобдада су тасқыны болып, аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру орталығы да судың астында қалған болатын. Бірінші қабатын толық су алып кеткен кешенге қайтадан ағымдағы жөндеу өткізіліп, есігін айқара ашты.

Қобда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанындағы денешынықтыру-сауықтыру орталығы 2018 жылы ашылған болатын. Құны 257,5 миллион теңге тұратын заманауи спорт ғимараты 2 мың шаршы метр алаңда орналасқан. Мұнда бассейн, бокс және фитнес залдары, баскетбол және волейбол алаңдары, шағын футбол ойнайтын аумақ бар. Кешен киім ауыстыратын кең бөлмелермен және жуынатын кабиналармен жабдықталған. Аудан орталығында замануи спорт кешені ашылғалы бері ауыл балалары жүзумен айналысып, байрақты бәсекелерде топ жарып жүр.

Аудан балаларының су спортының түрлерімен айналысып жүргендеріне 4 жылға жуықтады. Денешынықтыру-сауықтыру орталығы ашылғалы жаттығу залдары бір босаған емес. Тек былтыр орталықты су басып, жұмысымыз қыркүйекке дейін тоқтап қалды. Кейін жөндеу жұмыстарына қаражат бөлініп, барлығын ретке келтірдік, — деді Қобда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ольга Жәнібекова.

Оның айтуынша, қазір аудандық спорт мектебінде 500-ден астам бала жаттығады. Олардың 50-і суда жүзумен шұғылданып жүр.

Оқушыларымыздың арасында болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшыларымыз да бар. Соның бірі — жүзуден Қазақстан біріншілігінде топ жарған  Медет Тельманов. Медет секілді жастардың көптігі қуантады. Әрбір жаттықтырушы үшін жұмысының нәтижесін көру — үлкен мәртебе, — деді ол.

Бүгінде Қобданың барлық ауылдарында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалдары жұмыс жасайды. Батырлар мекенінде өсіп келе жатқан жас спортшылардың мақсаты — халықаралық додалардың жүлдесін жеңіп алу.

Басқа материалдар

Back to top button