«Батырларға тағзым» порталында 705 мыңнан астам майдангер туралы дерек жинақталған

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Батырларға тағзым» онлайн-порталын толықтыру жұмыстарын жалғастырып келеді. Жоба былтыр бастау алып, Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігі мен жанкештілігі туралы болашақ ұрпаққа құнды ақпаратты жеткізуге бағытталған.
Қазіргі таңда сайтта 705 488 ардагер туралы дерек бар. Оның ішінде 365 Кеңес одағының батыры, 4 екі мәрте Кеңес одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері туралы ақпарат жинақталған.
Ақпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің архиві мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен алынған деректер негізінде енгізіледі.
Порталда тегі, аты, әкесінің аты бойынша іздеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ туған күні мен жері, әскерге шақырылған уақыты мен орны және басқа да мәліметтер қамтылған.
Бұдан бөлек, портал қолданушылары өз ардагер туыстары туралы деректі толықтырып, фотосуреттер мен соғыс жылдарындағы құжаттарды, жеке естеліктерін жүктей алады.
Осы арқылы әрбір азамат ата-баба ерлігін ұлықтап, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қоса алады.
Порталды толықтыру мәселелері бойынша 8 (7172) 44-62-78 (ішкі 150) нөміріне хабарласуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі