Жаңалықтар

Ақтөбеде 18,8 млрд теңгеге спорт кешені салынады

Ақтөбе қаласында 5 мың көрерменге арналған әмбебап спорт кешені бой көтереді. Жобаны жүзеге асыруға және нысанды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге Инфрақұрылымды дамыту қорынан 18,8 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жоба «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Кешенді 2028 жылғы ақпанда пайдалануға беру жоспарланған.

Ақтөбе облысында қазір 770 спорт нысаны жұмыс істейді. Олар өңір халқының спорт инфрақұрылымына деген қажеттілігінің 73,2 пайызын қамтамасыз етеді. Соңғы үш жылда облыста 31 жаңа спорт кешені пайдалануға берілген. Соған қарамастан, қолданыстағы нысандарға түсетін жүктеме жоғары болып отыр.

Жаңа спорт кешенінің жалпы ауданы 31 мың шаршы метрден асады. Нысан отандық құрылыс материалдарын пайдалана отырып салынады. Оның құрамына:

  • 5 мың орындық, халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар өткізуге арналған негізгі арена;
  • олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік жүзу бассейні;
  • спорттық және көркем гимнастика залдары;
  • баскетбол, волейбол және футзалға арналған залдар;
  • йога мен пилатеске арналған сауықтыру залдары кіреді.

Жаттығу залдары кәсіби спорт жабдықтарымен жарақтандырылады. Оларды сатып алуға да Инфрақұрылымды дамыту қоры қаражат бөледі. Сонымен қатар спортшыларды даярлау үшін отандық және шетелдік жаттықтырушыларды тарту жоспарланған.

«Жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да жағдай жасалады. Кешеннің барлық негізгі аймағына, соның ішінде трибуналарға, киім ауыстыратын бөлмелерге, бассейн мен жаттығу залдарына кедергісіз кіру мүмкіндігі қарастырылады. Жаңа нысан өңірдегі гимнастика залдары мен олимпиадалық бассейнге деген қажеттілікті өтеуге, спорт нысандарының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасайды», делінген Үкімет хабарламасында.

Биыл жыл басынан бері Қазақстанда 188 спорт кешенінің құрылысы жүргізілді. Оның 69-ы аяқталып, 51-і ауылдық жерлерде пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 52 нысанды іске қосу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында2027 жылды Халықтық құрылыс жылы деп жариялаған болатын. Жоба елдің барлық өңірін, облыс орталықтарын, аудандар мен ауылдарды қамтиды.

Басқа материалдар

Back to top button