Перзентхана
Жаңа жыл түнінде Қобда ауданындағы Сарыбұлақ ауылының тұрғындары Дмитрий мен Людция сәби сүйіп, қуанышқа кенелді.
1 қаңтарда сағат түнгі 01.40-та дүние есігін ашқан сәбилерінің есіміната-анасы Маргарита деп қойыпты. Олар қызының туған күні жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келгенін жақсы ырымға балап отыр.
Қобданың ең кішкентай тұрғынын аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев құттықтап барды. Сәбидің анасының жағдайымен танысып, Маргаритаға сыйлықғын табыстады.
— Дана халқымыз ұлу жылын ежелден-ақ ерекше қастерлеп, құтты жылдың бірі деп санаған. Алдағы жыл еліміз үшін де, сіздің отбасыңыз үшін де берекенің, молшылықтың жылы болсын! Жаңа жыл түнінде дүние есігін ашқан сәбиіміз еліміз үшін адал қызмет ететін құтты ұрпақ болсын! Біз ана мен баланың денсаулығы қалыпты болуы үшін бар жағдайды жасаймыз, — деді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында аудан аумағында ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Ғимараттардың талапқа сай болуы және оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Айта кетейік, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні облыста 12 сәби дүниеге келді. Оның 9-ы — қыз, 3-еуі — ұл. Жалпы Қазақстанда жаңа жыл түнінде 191 бала өмірге келді.