«Атлетико Мадрид» Қазақстандағы футбол академиясының болашағын жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Атлетико Мадрид» бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубымен табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базасына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламасына белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарын жекешелендіру үдерісі жалғасуда.
Бұдан бөлек, Президент ФИФА-мен бірге барлық өңірде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу жұмыстары қолға алынғанына назар аударды.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасы мен испаниялық футбол мектебінің жетістіктеріне айрықша тоқталып, осы озық тәжірибені терең зерделеуге және оны қазақстандық дарынды ойыншылардың жаңа буынын тәрбиелеу ісінде пайдалануға мүдделі екенімізді атап өтті.
«Атлетико Мадрид» клубының бас директоры елімізде футболды қолдауға ерекше назар аударғаны үшін Президентке ризашылығын жеткізді.
Ол Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымы туралы оң пікір білдіріп, оның келешекте футболға арналған үздік оқу-жаттығу кешендерінің бірі болатынын айтты.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткізілгенін жаздық.