Іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуды айрықша назарда ұстаймыз – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша тұтас аймақта көш бастап тұр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумда айтты.

– Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Президент Жарлығымен Бас прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды.
– Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының қатысуымен елдегі әкімшілік әділетке арналған форум өтті.
Бұған дейін Президент инвестициялық даулардың 80% инвесторлар пайдасына шешілгенін айтқан еді.