АуданБилік

Қобда ауданын дамыту бойынша тапсырмалар берілді

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қобда ауданының жаңа әкімі Ізгілік Тынымгереевтің алдына ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.

Естеріңізге сала кетейік, Ізгілік Тынымгереев 5 қарашада өткен сайлау қорытындысы бойынша аудан әкімі болып сайланды.

«Аудан басшылығы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 100% орындалуын және өсімін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіруде, бөлшек және көтерме саудада төмендеу байқалады. Жоспарланған көрсеткіштерге жыл соңына дейін қол жеткізу қажет. Шағын және орта бизнес – экономиканың негізі. Жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің санын ұлғайтуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға және олардың табысын арттыруға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Асхат Шахаров аудан активімен кездесу барысында.

Облыс басшысы «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жеке шаруашылықтарды дамыту, мал басын, суармалы жерлердің жалпы ауданын ұлғайту арқылы халықтың табысын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін тілге тиек етті. Ауданды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, нормативтік жағдайдағы аудандық маңызы бар жолдардың үлесін ұлғайтуға басымдық берілуі тиіс.

«Ауданның елді мекендеріндегі медициналық мекемелер ғимараттарының тозуы, мамандардың тапшылығы – өзекті мәселелер. Осыған байланысты «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, емдеу мекемелерін жаңартып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру қажет. Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі. Білімге жұмсалған қаражат пен еңбек бірнеше еселеп қайтарылады. 2024 жылы Терісаққан ауылында 60 орындық орта мектеп ғимаратының құрылысын аяқтауды тапсырамын. Ауданда жаңа жұмыс орындарын ашу қажет», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі Қобда ауданы тарихи ескерткіштерге бай екенін алға тартты. Ауданның туристік ресурстарына танымдық, экологиялық, сауықтыру-спорттық бағыттар кіреді. Бұл орасан зор әлеуетті тиімді пайдалану және туристік саланы оңтайлы дамыту қажет.

Басқосу барысында сөйлеген сөзінде Ізгілік Тынымгереев Қобда ауданы тұрғындарының сенімін ақтау үшін өзінің бар тәжірибесін, білімі мен күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Басқа материалдар

Back to top button