Жаңа конституция жобасы түсіндірілді
Қылмыстық Атқару Жүйесі комитетінің №8 мекемесінде өңірлік коалиция мүшелері еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын түсіндірді. Жиынға облыс мәслихатының депутаты Боран Ізбасов, «Қамқор-Ақтөбе-2024» қоғамдық қорының жетекшісі, адвокат Әбдіхат Мырзалин, Ақтөбе қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық директоры, қала мәслихатының депутаты Райса Байлиева, «Казкомгидплюс» ЖШС директоры Аслан Айбалтинов қатысты.


Әуелі мекеме бастығының орынбасары, әділет полковнигі Жұбаныш Алдажаров сөз алды. Боран Ізбасовтың айтуынша, Конституция реформасы Мемлекет басшысының қыркүйектегі жолдауында көтерілген саяси, соның ішінде парламенттік реформаларды жүзеге асырудан бастау алды.
— Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, құрамына сарапшылар еніп, жоба халық талқысына түсті. Көп ұсыныс айтылды. Қолданыстағы Конституция еліміздің дамуына зор үлес қосты. Дегенмен қоғам дамыған сайын, заман талабына сай оны да жетілдіру қажет. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес наурыз айында референдум өтеді, баршаңызды оған белсенді қатысуға шақырамын, — деді Боран ізбасов.
Ал Әбдіхат Мырзалин жаңа Конституция жобасында адам құқы халықаралық стандартқа сай толық қамтылып, цифрлық дәуірге тән жаңа нормалар енгізілгенін атап айтты.
— Өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке деректерді қорғау және адвокатура институтының Конституция деңгейінде бекітілуі құқықтық мемлекетті нығайтудың маңызды қадамы болмақ. Сондай-ақ «Миранда ережесінің» Конституцияда бекітілуі азаматтардың құқын қорғауды күшейтеді. Мұнда егер күдіктіге құқығы түсіндірілмесе, оның жауабы дәлел ретінде қолданылмайды, — деді Әбдіхат Мырзалин.
Райса Байлиева жаңа Конституция жобасында білім мен денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән берілгенін атап өтті.
— Азаматтардың сапалы білім алуға және қолжетімді медициналық көмекке құқығы Конституция деңгейінде нақтыланып, әлеуметтік мемлекеттің басты қағидатының бірі ретінде айқындалып отыр. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын қорғау, ана мен баланы қолдау, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілік мәселесі де нақты көрініс тапқан. Бұл — қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтатын маңызды бағыт, — деді Райса Байлиева. Сондай-ақ ол жиналғандарға 15 наурызда өтетін референдумның үгіт-насихат парақшаларын таратты. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының кей тұсын түсінбегенін айтып, сұрақ қойды,спикерлерден толыққанды жауап алды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.