Президентің дінбасыларға үлкен үміт артуы-қазіргі әлемдік жағдайға сәйкес өте орынды пікір
Бүгінгі таңда мемлекетаралық қатынастар шиеленісіп, қоғамда сенім дағдарысы күшейіп тұрған шақта рухани көшбасшылардың рөлі арта түсуде. Дін – тек сенім ғана емес, ол адамдарды ізгілікке, сабырлыққа және төзімділікке тәрбиелейтін қуатты құрал. Президент атап өткендей, діни қайраткерлер саясаткерлерді парасаттылыққа үндей отырып, әлемдік деңгейдегі шешімдерге оң ықпал ете алады. Өйткені діннің түпкі мақсаты – қоғамның бейбіт өмірін қамтамасыз ету. Қазақстан осы бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп, халықаралық диалогтың жаңа үлгісін ұсынды. Мұндай бастамалар діндер арасындағы өзара түсіністі күшейтіп қана қоймай, өркениеттер арасындағы көпірге айналып отыр. Әлемде қақтығыстар мен алауыздық күшейген сайын, діннің бейбітшілікті дәріптеуші рөлі ерекше сезіледі. Сондықтан Президенттің «дін ұйыстырушы күшке айналуы тиіс» деген сөзі – уақыт талабына жауап. Бұл бастама тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды бағдар болмақ.
Сәрсенбин Үмбетхан, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедра меңгерушісі