Жаңалықтар

Конституция – тұрақтылық кепілі


Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды. Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемелекет екенін Ата Заңы арқылы да бүкіл әлемге танытты.
Ата Заңның қабылдануы конституциялық құрылыстың саяси-құқықтық негізін қалады, мемлекеттік тетік және қоғамдық, саяси жүйенің негізгі қағидаттарын орнықтырды. Адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі. Конституция Қазақстан Республикасы дербес мемлекет ретінде ұлтына қарамастан онда тұратын барлық адамдардың еркіне сәйкес жасалды.
Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деген сөздер жазылды. Конституциямыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты.
Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлем қауымдастығының белді мүшесі атанды. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды.
2022 жылы жүргізілген реформа Қазақстанның конституциялық құрылымы тарихындағы ең мазмұндысы еді. Мұндай реформаны қолға алуға сол кезеңдегі өте күрделі саяси жағдай себеп болды.
Реформаның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылды. Бұл – конституциялық реформа ауқымының айқын көрсеткіші. Көп жылдан бері қоғамның көкейінде жүрген Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата Заңда көрініс тапты. Азаматтардың Конституцияға сенімі нығая түсті.
Еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес.
Елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды.
Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Конституциялық реформа саяси жаңғыру үдерісіне зор серпін берді. Парламенттің рөлі артты, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Орталық және жергілікті атқарушы биліктің құзыреті қайта бөлінді.
Жаңа талапқа сәйкес Президент, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Өкілді билікке әртүрлі көзқарастағы саяси күштер мен азаматтар келді. Түрлі саяси партиялар Парламенттен орын алды. Аралас сайлау жүйесі тәуелсіз үміткерлерге жол ашты. Бүгінгі күні ауыл әкімдері жаңа ережеге сәйкес сайланады. Билікке жаңа буын өкілдері келіп жатыр. Ауданымыздың әкімін де халық тікелей сайлады.
Елдегі өзгерістер, ең алдымен, халықтың игілігі, ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді»,-деп ерекше атап көрсетті.
Біздің басты міндетіміз – озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұлт болу, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Сондықтан қазақ елінің қастерлі төлқұжаты – Конституциямыздың әр бабы мүлтіксіз орындалады. Бұл – баршаға ортақ міндет.
Біздің қазіргі Конституциямыз – өркениетті болашаққа жол ашатын, халқымыздың игілігіне қызмет ететін Ата Заң болып қалары анық.
Конституциямыздың айбыны асқақ боларына сенім мол!
Аудандық аумақтық сайлау
комиссиясының төрағасы Б.Отаралова

Басқа материалдар

Back to top button