Заңды білу — заман талабы


Өңірде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында профилактикалық іс-шаралар ұдайы өткізіліп жатыр. Қаламыздағы №18 орта мектепте «Жасөспірім және заң» мектепішілік профилактикалық онкүндігінің жоспарына сәйкес «Заң сөйлейді: жасөспірім және жауапкершілік» атты прокурор сағаты ұйымдастырылды.
Оған жоғары сынып оқушылары, ұстаздар мен заң саласының өкілдері қатысып, құқықтық жауапкершілік туралы әңгіме қозғады.
Шара барысында мектеп психологы оқушылармен сергіту ойынын ойнап, викториналық сұрақтар қойды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Садированың айтуынша, заңды сақтау — қоғам дамуының алғышарты.
— Бүгінде білім ордасында 1 438 оқушы білім алып жатыр. Мектепте қазақ және орыс кластары бар. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында олардың бос уақытын ұйымдастыру үшін спорттық секциялар жұмыс істейді. Мұнда жастар кешкілік уақытта келіп, қалаған спорт түрімен шұғылдана алады. Одан бөлек, инспекторлармен бірге рейдтік шараларға шығамыз. Қазір мектепте есепте тұрған оқушы жоқ, — деді ол.
Прокурор сағаты барысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, кәмелетке толмағандардың заң алдындағы жауапкершілігі, қоғамдық орындағы тәртіп, буллингтің алдын алу, өзгенің ар-намысы мен құқықтарын құрметтеу, сондай-ақ интернеттегі кибер қауіпсіздік мәселелерін талқылады.
Қалалық полиция басқармасы Алматы ауданы №3 қалалық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығының орынбасары, полиция капитаны Нұрхат Сәлімгереев оқушыларға біреудің мүлкін алуға болмайтынын, әлімжеттіктің арты қылмысқа апаратынын қатаң ескертті.
— Жыл басынан бері рейдтік шаралар нәтижесінде 1000-нан астам құқықбұзушылық дерегі тіркелді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесіне әрбір жауапты орган, ата-ана, оқу ордасының оқытушылар құрамы жіті назар аудару керек. Осындай мазмұнды кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауына және өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға ықпалын тигізеді. Заң өкілдері әр кездесу сайын білім ордасында оқушыларға құқықтық жауапкершілік пен сауаттылық туралы ой саларлық мәселелерді жеткізеді. Жасөспірімді дұрыс тәрбиелеу қоғамның әрбір мүшесіне ортақ іс екенін әсте естен шығармайық, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА

