АуданБілім

ҰСТАЗДЫҚТЫ ӨМІРЛІК МҰРАТ ЕТКЕН ЖАС КӨШБАСШЫ


Жас келсе – іске. Жастар бар жерде жаңарған ой, тың бастама мен жаңа серпін бар. Ал
, сол жастық жігерін ел игілігіне бағыттап, кәсіби еңбегін қоғамдық қызметпен ұштастыра білген азаматтың орны қашанда бөлек. Осындай ізденісі мен іскерлігін, ұстаздық еңбегі мен қоғамдық белсенділігін қатар алып келе жатқан азаматтың бірі – Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы жас педагог, кәсіподақ қозғалысының белсенді мүшесі Жандос Нұрлыбай.

Ұстаздықты жай ғана мамандық емес, адам тәрбиесіне жүктелген үлкен жауапкершілік деп түсінетін Жандос үшін білім беру шәкіртке ақпарат жеткізумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – баланың қабілетін танып, өз ойын еркін жеткізуіне, ізденуіне және өмірден өз орнын табуына жол ашу. Осы ұстаным оның педагогикалық және қоғамдық қызметінің негізгі өзегіне айналған.

Білімге басталған жол

Жандос Нұрлыбай 1994 жылдың 6 маусымында Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Тайсойған ауылында дүниеге келген. Ауылдың тыныс-тіршілігі мен туған жердің тағылымы оның азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.Білімге құштар жас кейін ұстаздық жолды таңдады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Филология» мамандығын тәмамдап, 2016 жылы бакалавр дәрежесін алды. Кәсіби білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Башқұрт мемлекеттік университетінің магистратурасында білім алып, 2019 жылы «Педагогикалық білім беру» бағыты бойынша магистр атанды.

Бұл жылдар оның болашақ маман ретінде қалыптасуына негіз болды. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруды көздеген жас маман еңбек жолын ауыл мектебінен бастады.

Ауыл мектебі – үлкен жауапкершілік мектебі

Жандостың еңбек жолы 2016 жылы Калиновка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып басталды. Ұстаздық қызметтің алғашқы жылдарынан-ақ ол бұл мамандықтың жауапкершілігі мол екенін түсінді. Себебі,мұғалімнің әр сабағы – оқушының дүниетанымына әсер ететін, оның бойындағы қабілетті ашуға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

2019 жылдан бері Қобда қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Бұл қызметте ол пән мұғалімі ретінде оқушылардың білім сапасына жауап берумен қатар, мектептің тәрбие жұмысына да белсенді араласады. Мектептегі түрлі бастамаларды ұйымдастырып, оқушылардың қоғамдық және шығармашылық белсенділігін арттыруға үлес қосып келеді.

Ауыл мектебінде еңбек етудің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ұстаздың қызметі сабақпен ғана шектелмейді. Ол оқушының ғана емес, мектептің, ата-ананың, жалпы ауылдың өмірімен етене араласады. Сондықтан мұндағы әрбір жақсы нәтиже – елдің ертеңіне қосылған үлес.

Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің өлшемі

Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкіртінің жетістігі. Жандос Нұрлыбайдың кәсіби қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – дарынды және ізденімпаз оқушылармен жұмыс.

Оның жетекшілігімен шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, әдеби оқулар мен шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді. Оқушылары облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, Мұқағали, Ілияс, Қобыланды оқулары секілді білім мен өнер додаларында жақсы нәтижелер көрсетті.

Мұндай жетістік жүйелі дайындықты, ізденісті және үлкен еңбекті талап етеді. Жандос үшін шәкіртінің жеңісі ұстаздың жеке марапатынан әлдеқайда маңызды. Өйткені мұғалімнің басты міндеті – өзі білетінді үйрету ғана емес, шәкіртінің өз қабілетін танып, биік мақсатқа ұмтылуына мүмкіндік жасау. Оның педагогикалық ұстанымы да осыған негізделген: ұстаз оқушыға білім берумен қатар, оның болашағына бағыт көрсетіп, өзіне деген сенімін қалыптастыруы керек.

Дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған ұстаз

Бүгінгі педагог үшін пәнін жетік білу жеткіліксіз болғандықтан, Жандос Нұрлыбай заман талабына сай цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу-тәрбие жұмысына тиімді енгізуге мән береді. Оның пікірінше, технология ұстазды алмастырмайды, керісінше, педагогтің мүмкіндігін кеңейтеді. Сондықтан ол цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект құралдарын оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағыттап пайдалануға ұмтылады.

Оның бұл ізденісінің бір көрінісі – мектеп жанындағы «ҚобдаТВ» телестудиясы. Жас педагог жетекшілік ететін бұл ортада оқушылар журналистика негіздерін меңгеріп, медиасауаттылығын арттырып, цифрлық контент әзірлеу дағдыларын қалыптастырады. Камера алдында сөйлеу, сұхбат алу, ақпаратты саралау, бейнематериал әзірлеу арқылы оқушылардың бойында жауапкершілік, батылдық, шығармашылық ойлау және коммуникациялық қабілет қалыптасады. Осылайша мектеп оқушысы тек білім алушы ғана емес, ақпаратты талдай алатын, өз ойын еркін жеткізетін белсенді тұлға ретінде қалыптасады.

Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи мүмкіндіктерді пайдалану Жандостың педагогикалық ізденісінің басты ерекшеліктерінің бірі.

Кәсіподақтағы жастар көшбасшысы

Ұстаздық қызметпен қатар қоғамдық жұмысты да қатар алып жүру Жандос Нұрлыбайдың азаматтық белсенділігін танытады. Ол Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесіне жетекшілік етіп келеді.

Кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі – еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ету және еңбек қатынастары мәдениетін қалыптастыру. Ал, жастар үшін кәсіподақ – кәсіби ортаға бейімделуге, өз құқықтары мен міндеттерін білуге, тәжірибе алмасуға және қоғамдық бастамаларға араласуға мүмкіндік беретін орта.

Жандос осы бағытта жас мамандардың кәсіби дамуына, өзара тәжірибе алмасуына және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына қолдау көрсетіп келеді. Жастардың ұсыныстарын тыңдау, олардың бастамаларына қолдау білдіру, ортақ жобалар мен іс-шараларға жұмылдыру  Жастар кеңесі жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Өзі де жас маман ретінде кәсіби қалыптасу жолынан өтіп келе жатқандықтан, жастардың талап-тілегін жақсы түсінеді. Сондықтан оның қоғамдық қызметі тек ұйымдастыру жұмыстарымен шектелмей, жас педагогтердің ортақ мәселелерін талқылауға және олардың кәсіби ортадағы белсенділігін арттыруға бағытталған.

Педагог пен психолог тоғысқан тұс

Жандостың кәсіби ізденісі педагогикамен ғана шектелмейді. Білім мен тәрбиенің негізінде адам психологиясы жатқанын түсінген ол психология саласына да ден қойды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Денсаулық және салауаттылық» орталығында басшы әрі психотерапевт ретінде қызмет атқарып, жастардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған жобаларға атсалысты. Бұл тәжірибе оның ұстаздық қызметіне де оң әсерін тигізді. Өйткені әр баланың мінезі, қабылдауы, қызығушылығы мен ішкі әлемі әртүрлі. Мұғалім оқушының білім деңгейімен қатар, оның психологиялық ерекшелігін де ескере білуі қажет.

Кей жағдайда оқушыға жақсы баға немесе ескерту емес, дер кезінде айтылған жылы сөз бен қолдау маңызды болуы мүмкін. Жандос шәкірттерінің бойындағы өзгерістерді байқап, олардың қабілетін ашуға және қиындыққа тап болған кезде қолдау көрсетуге мән береді.

Ізденіс пен еңбектің нәтижесі

Жас ұстаздың кәсіби ізденісі түрлі байқаулар мен марапаттардан да көрініс тапты. Ол республикалық «Үздік жас ұстаз – 2018» төсбелгісінің иегері атанып, «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – 2018» байқауында І орынға ие болды. Сонымен қатар республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасында Бас жүлдені жеңіп алды. 2021 жылы «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын қорғады. Ғылыми-әдістемелік бағыттағы ізденісін де жалғастырып, «Қазақ тіл білімі» электрондық білім беру орталығының авторы атанды. Білім беру саласына қатысты бірқатар мақалалар жариялады. Дегенмен, марапат пен атақ оның кәсіби жолындағы соңғы межені білдірмейді. Керісінше, әр жетістік мамандығын одан әрі жетілдіруге деген жауапкершілікті арттырады. Жандостың ұстанымы да қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалмай, үнемі іздену.

Туған жерге қызмет ету

Ел болашағын ауылмен байланыстыра қарайтын азамат үшін ауыл мектебінде еңбек ету – үлкен жауапкершілік. Жандос Нұрлыбай «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы ретінде ауылдық жерде еңбек етіп келеді.

Ауыл мектебінде ұстаз тек өз пәнінің маманы емес. Ол жас ұрпақтың тәрбиесіне араласып, ауылдың мәдени-рухани өміріне үлес қосатын тұлға. Мұнда бір оқушының жетістігі бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың қуанышына айналады.

Жандос үшін туған жерге қызмет ету сөзбен емес, күнделікті еңбекпен көрінетін азаматтық ұстаным. Оның мектептегі сабағы, шәкірттерін байқауларға дайындауы, қоғамдық жұмыстарға араласуы осы жауапкершіліктің нақты көрінісі.

Еңбекпен келген өнеге

 

Жандос Нұрлыбайдың еңбек жолынан қазіргі жас маманның бірнеше қырын көруге болады. Олөз кәсібіне адал ұстаз, ізденімпаз маман, жаңашылдыққа ашық педагог және қоғамдық іске белсенді азамат. Оның қызметінің әр бағытының өзіндік мақсаты болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ ұстаным бар. Ол адамға мүмкіндік беру және оның әлеуетін ашуға ықпал ету.

Ұстаз ретінде ол шәкірттеріне білім мен тәрбие береді. Тәрбие жұмысы арқылы олардың азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді. Психология саласындағы тәжірибесі арқылы жасөспірімнің ішкі жан дүниесін түсінуге ұмтылады. Ал, кәсіподақтағы қызметінде жас мамандардың кәсіби ортаға бейімделуіне, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін тануына және қоғамдық белсенділігін арттыруына үлес қосады.

«Жас келсе – іске» деген халық даналығы осындайда еске түседі... Іске деген ықыласы, еңбекке деген адалдығы мен жастарға деген жанашырлығы тоғысқан Жандос Нұрлыбайдың еңбек жолы ауыл мектебінде қызмет етіп жүрген жас мамандар үшін де, қоғамдық іске араласуға ұмтылған жастар үшін де өнеге.

Ұстаздық – шәкірт болашағына жауапкершілік болса, кәсіподақтағы қызмет – еңбек адамының мүддесіне деген жауапкершілік. Осы екі бағытты қатар алып, жастардың кәсіби және қоғамдық белсенділігін арттыруға үлес қосу – Жандос Нұрлыбайдың азаматтық болмысының басты ерекшеліктерінің бірі.

Еңбек адамын дәріптеу  оның алған марапаттарын тізумен ғана шектелмейді. Оның қоғамға қосқан нақты үлесін көрсету маңызды. Ал, Жандос Нұрлыбайдың еңбегі білім беру, жастардың дамуы және кәсіподақ қозғалысы тоғысқан тұста өз ісімен ел игілігіне үлес қосып келе жатқан жас азаматтың жарқын мысалы.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері

кәсіподағы ұйымының баспасөз хатшысы

Басқа материалдар

Back to top button