ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
Ш.Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінде жаңа Конституция жобасының маңызы мен мәнін түсіндіруге



арналған еңбек ұжымымен кездесу өтті.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері — облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Нұрлан Махамбетов пен Олжас Мектепбаев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры Нұргүл Әбішева, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» компаниясында геолог, «Бірлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дамир Көпжасаровтар қатысты.
Жиынды ашқан Гүлқасима Сүйінтаева аталған колледждің түлегі екенін айта келе, алдағы референдумға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталып, жаңа Конституция жобасы ел дамуының басты бағдары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл — мемлекет болашағына қатысты тарихи таңдау. Сондықтан жастар да, аға буын өкілдері де саяси науқаннан тыс қалмауға тиіс.
Кездесуде Нұрлан Махамбетов жаңа жобаның преамбуласында жазылған «Әділетті және таза Қазақстан» қағидаттарына, әсіресе қоршаған ортаны қорғау мәселесіне тоқтала келе, бір палаталы парламенттің мәнін жан-жақты түсіндіріп өтті. Ал Нұргүл Әбішева өз сөзінде Конституция жобасында білім, ғылым және инновация салаларына айрықша мән берілгенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи мемлекет ең алдымен сапалы білім мен бәсекеге қабілетті ғылымға сүйенеді.
— Конституция жобасында әрбір азаматтың білім алуға құқығы, педагог мәртебесі, ғылыми ізденістерді қолдау және зияткерлік әлеуетті арттыру мәселелері нақты көрініс тапқан. Бұл — елдің ұзақ мерзімді дамуының берік негізі, — деді ол.
Сондай-ақ ол білім беру жүйесін жаңғырту, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және инновациялық технологияларды кеңінен енгізу уақыт талабы екенін жеткізді. «Біз жастарға білім беріп қана қоймай, оларды шығармашылық ойлауға, ғылыми ізденіске, жаңа идеяларды жүзеге асыруға бағыттауымыз қажет. Жаңа Конституция осы мүмкіндіктерді кеңейтіп, адами капиталды дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындайды», — деп жиналғандарды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Олжас Мектепбаев жаңа Конституция жобасының 30-бабында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болатыны нақты көрсетілгенін жеткізді. «Неке — еркек пен әйелдің заңға сәйкес тіркелген ерікті және тең құқықты одағы деп белгіленеді. Сонымен қатар балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу — ата-ананың ажырамас құқығы әрі міндеті екені айқын жазылған. Ал кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті де заң жүзінде бекітіледі. Бұл нормалардың барлығы қоғамдағы жауапкершілікпен өзара құрметті арттыруға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған. Сондықтан әрбір азаматты ел болашағына бейжай қарамай, алдағы референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамыз. Бұл — ортақ тағдырымыз бен келешегіміз үшін маңызды шешім, — деді қалалық мәслихат депутаты Олжас Мектепбаев.
Кездесу барысында қатысушылар өзара қолдау мен азаматтық жауапкершіліктің мәніне кеңінен тоқталды. Қиын жағдайда қалған жандарға көмек көрсеткен ерікті жастар мен студенттердің өнегелі істері мысалға келтірілді. Волонтерлік қызмет ел бірлігінің, адамгершілік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі екені баса айтылды.
Арайлым НҰРБАЕВА