Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық дамудың маңызды кепілі
Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасы бойынша жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтіледі.
Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық қоғамның негізгі қағидаттарын нығайтуға бағытталған халықаралық маңызы бар күн. Бұл күн сайлау институтының рөлін айқындап, азаматтардың саяси белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше мән береді.
Сайлау – халықтың еркін білдіретін, мемлекеттік биліктің заңды түрде қалыптасуын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Демократиялық қоғамда әрбір азаматтың дауысы тең және шешуші мәнге ие. Осы тұрғыдан алғанда, сайлау процесіне қатысу – азаматтық құқықты жүзеге асырумен қатар, ел болашағы үшін жауапкершілік танытудың айқын көрінісі болып табылады.
Дүниежүзілік сайлау күні аясында әлемнің көптеген елдерінде сайлау жүйесін жетілдіру, ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастамалар халықаралық тәжірибемен алмасуға, сайлау рәсімдерінің заңдылығын күшейтуге және қоғамның сайлау институтына деген сенімін арттыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасында да сайлау жүйесін демократиялық талаптарға сай дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сайлау заңнамасын жетілдіру, азаматтардың сайлау құқықтарын кеңейту, саяси процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл шаралар қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Біздің елімізде сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді. Азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін сайлауға тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан дауыс беруге қатысады
Азаматтардың, әсіресе жастардың сайлау процесіне белсенді қатысуы елдің тұрақты дамуының маңызды факторы болып табылады. Жастардың азаматтық санасы мен жауапкершілігін арттыру – әділ әрі құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізгі алғышарттарының бірі.
Дүниежүзілік сайлау күні – демократиялық құндылықтарды дәріптейтін, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды дата. Әрбір азаматтың саналы таңдауы мен белсенді ұстанымы елдің саяси тұрақтылығы мен болашағының берік негізін қалайды.
Б.Отаралова, аудандық аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы