Жаңалықтар

Ақ орамал – бейбітшілік пен келісімнің бастауы

Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, аналарға деген құрметті арттыру мақсатында «Ақ орамал» акциясы аясында тағылымды шара өтті. Іс-шара Белсенді ұзақ өмір орталығы мен Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілді.  Шараға ардақты аналар, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар қатысып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды. Бұл басқосу ананың қоғамдағы орнын айшықтап, ұлттық тәрбиенің мән-маңызын тереңінен насихаттауды мақсат етті. Іс-шара барысында әр өңір әйелдерінің ұлттық киімі саналатын кимешек шеруі ұйымдастырылды. Кимешек – қазақ әйелінің ибалығы мен парасатын, аналық мейірім мен даналықты білдіретін киелі бас киім. Шеру көпшілікке ұлттық киімнің әсемдігімен қатар, оның тәрбиелік маңызын да көрсетті. Шараға арнайы шақырылған аналар өз өмір жолдарын, ата-анадан алған тәрбиелері мен бала тәрбиесіндегі тәжірибесін ортаға салды. Сөгәлі ауылының тумасы Абжанова Тұрғанбай  Масабайқызы өмірге жеті бала әкеліп, жиырма бір немере, қырық үш шөбере, жеті шөпшектің әжесі ретінде өз тәжірибесін бөлісті. Ол Қазақстан Республикасының «Алтын алқа» иегері әрі тыл еңбеккері. Қазым келіні, Қоғалы, Қиыл ауылдарының тумасы Бимашова Жарқынай  Орынбасарқызы бес бала тәрбиелеп, он үш немере мен төрт шөбереге қамқорлық жасап келеді және аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Бегалы ауылының тумасы Құлниязова Зәуре  Егінбайқызы төрт бала өсіріп, он екі немеренің әжесі, 36 жыл мұғалім қызметін атқарған, аудан мен облыс әкімдерінің құрмет грамоталарына ие. Ал Әлия ауылынан келген жас ана Ебескина Жанат Серікқызы жеті баланы тәрбиелеп, 2025 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» алқасымен марапатталған. Қатысушы аналарымыз өз өнерлерін көрсете отырып, кейінгі буынға ақыл-кеңестерін жеткізді, дуалы сөздері көпшіліктің жүрегіне жетті. Шара барысында «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Нұргүл Ибраева бірқатар аналарға өз атынан ақ орамал жапты. Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Кереймағанбетов, «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Серғазина және “Халықаралық Қазақ тілі қоғамының” Қобда аудандық өкілділігінің төрайымы Светлана Зинекенқызы сөз сөйлеп, шараның ұлттық тәрбиедегі маңызын атап өтті.

Басқа материалдар

Back to top button