Жаңалықтар

СОҢҒЫ ШЕШІМДІ ХАЛЫҚ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Олжас МЕКТЕПБАЕВ, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:

— Уақыт өткен сайын электр қуатын пайдалану күннен-күнге артып келеді. Бұлай жалғаса берсе алдағы 10 жылда ел тұрғындарының 30 пайызы жарықсыз қалуы мүмкін. Елімізде электр энергиясы тапшылығын болжап, біліп отырған мамандар атом электр стансасын салудың қажеттігін айтып отыр. Біз нағыз мамандардың сөзіне құлақ асуымыз қажет. Әлемнің 30-дан астам елінде атом электр стансасы бар. Халық арасында оның қоғамға беретін оң әсерін, экологияға тиімді екенін түсіндіретін шараларды жалғастыра берсе, халықтың ой-пікірі де соған сай оң болары анық.
Атом электр стансасын салу — заман талабы. Алпауыт елдер энергияны осы дүниеден алып, қолданып отырғалы қай заман. Ол біздің елге де керек. Бұл — таза энергияның негізгі көзі. Негізінен, біздің қазіргі қолданып жүрген энергия көздеріне қарағанда атом энергия стансасы арқылы алынған энергияның экологияға зияны аз. Бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіру қажеттілігін тапсырған болатын. Негізі, атом энергиясын табысты өндірудің кілті — ядролық реакторды дұрыс таңдау. Олардың түрлері мен сұрыптары да өте көп. Негізінен, олар бір-бірінен мақсаты мен жұмыс істеу қағидаттары бойынша ерекшеленеді.
Оның үстіне қолда бар стансалар ескіріп барады. Елдегі электр энергиясын тарататын 222 стансаның 148-і жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Қалған 80-ге жуығының 65 пайызы тозған. «Атом электр стансасы салына ма, жоқ па?» — деген сауал қазір күн тәртібінде тұрған мәселе болып тұр. Соңғы шешімді осы күзде өтетін референдумда халық қабылдайтын болады.

Басқа материалдар

Back to top button