Жаңалықтар

Financial Times: атом энергиясының тәуекелі жоғары және технологиялық жағынан күрделі


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда АЭС салу бойынша 6 қазан күні референдум өтетінін ресми мәлімдеді. Енді сол референдумда Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Аталған мәселеге қатысты Үкіметтің басты аргументі «энергия жетіспейді, АЭС сол энергетикалық тапшылықты жоюға көмектеседі» деген месседж болса, ал халықтың ойында елдің экологиялық қауіпсіздігі бірінші орында тұр.Ядролық энергия «тәуекелі жоғары және технологиялық тұрғыдан қиын» деген көзқарас күшейді. Фото c-o-k.ru сайтынан алынды

Жаңа атом электр стансаларын қаржыландыру инвесторлар үшін әрқашан қиын болып келеді. Сомерсеттегі (Somerset) EDF компаниясының Hinkley Point C сияқты ірі электр стансаларындағы үлкен шығындар ядролық энергияны «тәуекелі жоғары және технологиялық тұрғыдан қиын» деген көзқарасты одан ары күшейтті. Дегенмен батыс елдері үкіметтерінің АЭС салуға деген ниеті төмендеген жоқ.

Бұл жерде ескеретін бір жағдай, батыс елдерінде АЭС салуға жекеменшік инвестициялар жұмсалады. Ал Қазақстандағы атом электр стансасы құнының 20-30%-ы Ұлттық қордан алынбақшы.
Сонымен бірге Еуропаның көшбасшы елдерінің атом энергиясынан бас тартуы да атом энергетикасына инвестиция тартуды қиындатып жіберді. 2023 жылдың 16 сәуірінде Германия өзінің соңғы АЭС-ын тоқтатты. Оның алдында Италия да елдегі барлық атом стансаларын жауып тастағаны белгілі. Ал Бельгия, Испания, Швейцария, Тайвань атом энергиясынан толық бас тарту стратегиясын іске асыруда. Мұндай жағдайда батыстық саясаткерлер үкіметтің қатысуынсыз жеке инвестицияларды тарту мүмкін емес екенін кеш болса да түсінді. Ұлыбританияда құрылған жаңа үкіметтік орган (Great British Nuclear) АЭС салуға байланысты тәуекелдердің бір бөлігін бюджет (салық төлеуші) көтеретініне инвесторларды сендіргісі келеді. Сонда да ядролық жобаларды іске асыруға деген инвесторлардың көңілі суып қалған.

АЭС-та радиациялық қауіп қашан да сақталады. Фото environmentbuddy.com сайтынан алынды

Ұзақ жылдарға созылып кеткен, болашағы әлі де бұлыңғыр Hinckley Point C атом электр стансасы да инвесторлардың бұл салаға қаржы құюын тежеп отыр.

Hinckley Point C атом электр стансасы (Hinckley Point C) – EDF компаниясының Англияның Сомерсет қаласында салып жатқан екі блокты 3260 МВт EPR атом электр стансасы. Әр блоктың жобалық қуаты – 1630 МВт.
Бұл АЭС 2010 жылы британдық үкімет жариялаған сегіз нысанның бірі болған еді. Ұлыбритания үкіметі жобаны кейбір инвестициялық кепілдіктермен 2016 жылдың 15 қыркүйегінде мақұлдады. Жобаны француздық EDF Energy және қытайлық China General Nuclear Power Group (CGN) қаржыландырады. Hinckley Point C атом электр стансасының қожайындары осы екі компания, стансаның 66,5% француздардың, 33,5 % қытайлықтардың еншісінде. Стансаның бірінші блогы 2029-2031 жылдары іске қосылады деп жоспарланған.

Қолданыс мерзімі аяқталған АЭС-ты залалсыздандыру мен консервациялауға, радиация сіңіп қалған жабдықтарын утилизациялауға қанша млрд доллар керек екенін қазірден білу керек. Фото certrec.com сайтынан алынды

АЭС жобасын іске асыруда тағы бір «қызықты» мәселе бар. Бұл станса құнының ұдайы өсіп отыруы, оны әлемдік тәжірибе де көрсетуде. Мысалы, Hinckley Point C стансасының алғашқы (2016 жыл) жобалық құны 15,7-18,3 млрд доллар деп жарияланды. Ал 2022 жылы жоба құны 32,8-34,1 млрд доллар, 2023 жылы 40,6-42,0 млрд долларға өскен. 2024 жылдың қаңтарында жобаның құны 54,6-62,9 млрд доллар деп жарияланды.

Шешім қабылданбағанның өзінде Қазақстанда салынатын АЭС-тың бағасы да ұдайы өсіп келеді. Алғашында Энергетика министрлігі қуаты 2 400 МВт болатын атом электр стансасының мүмкін болатын құнын $10 млрд деп белгілесе, кейін «Қазақстан атом электр стансалары» компаниясының өкілдері («Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны) жоба құнын 15 млрд долларға дейін өсірді.
Қазақстанда АЭС салуға өтініш білдірген халықаралық компаниялардың тәжірибесі де стансаның бастапқы жобалық құны жыл сайын өсе беретінін көрсетуде. Құнның өсуі стансаны жоспарлауға, құрылысына және іске қосуға кететін уақыттың ұзақтығымен және қолданылатын тауарлар мен технологияның құнының осы кезеңде өсуімен түсіндіріледі.

Hinckley Point C стансасының алғашқы (2016 жыл) жобалық құны 8 жылда 3,5 есе өскен. Бұлай салыстыратын болсақ, қазір 15 млрд доллар деп жариялаған қазақстандық атом стансасының құны станса салынып біткенше 45-50 млрд доллар болуы мүмкін. Жоба құны өспейді деп бүгінгі Үкімет те, АЭС салатын компания да кепілдік бере алмайды.

Екібастұздағы ГРЭС-1 жұмысы қарапайым түрде мына видеода көрсетілген:

Басқа материалдар

Back to top button