Қазақтың салт-дәстүрі – ұлттың рухани коды
Қазақ халқы – ықылым заманнан бері ата-баба жолын қастерлеп, салт-дәстүрін сақтауды ұрпақ тәрбиесінің басты өзегі еткен халық. Ұлттың болмысын айқындайтын да, мәдениетін даралайтын да – осы дәстүрлер. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борыш.
Қазақ салт-дәстүрлері – тек рәсімдер жиынтығы емес, ол – ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие мектебі. Мәселен, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той, қыз ұзату – барлығы баланың өміріндегі маңызды кезеңдермен байланысты. Әр дәстүрдің астарында үлкен мән, тәрбиелік мазмұн жатыр.
Бесікке салу – ананың мейірімін, әулеттің қуанышын, сәбидің амандығын тілеген ырым.
Тұсау кесу – баланың алғашқы қадамындағы ізгіліктің символы.
Бата беру – игілікке жетелейтін рухани қуат көзі.
Соңғы жылдары ел ішінде салт-дәстүрді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жастар санасына сіңіру бағытында түрлі жобалар мен кездесулер көбейіп келеді. Бұл – қоғамның рухани жаңғыруындағы маңызды қадам. Себебі ата-баба мұрасын білу – ұлттық иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Мектептерде, мәдениет ошақтарында, қоғамдық ұйымдарда ұйымдастырылатын танымдық шаралар жастарды тарихын тануға, өткенін құрметтеуге баулиды. Ұлттық киім, ұлттық тағам, әдет-ғұрып жайлы дәрістер мен шеберлік сабақтары – өскелең ұрпақтың рухани әлемін байытады.
Қазақ халқы үшін ел бірлігі – басты құндылық. Бауырмалдық, сыйластық, үлкенді құрметтеп, кішіні аялау қағидаттары да салт-дәстүрлерден бастау алады. Туыстық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған амал, шілдехана, тұсау кесу, шаңырақ көтеру сияқты дәстүрлер қоғамда береке-бірлікті арттырады.
Салт-дәстүр – ұлттың рухани коды, өмір сүру мәдениеті, тектіліктің белгісі. Оны сақтап, ұрпағымызға аманат ету – әр қазақтың азаматтық борышы. Ұлттық құндылықты құрметтеген қоғам ғана болашағын баянды етеді.
Р. Шалимов
“Бақыт ана” мешітінің имамы