Қазақстан мен Өзбекстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке және барша өзбек ағайынға қазақ делегациясына қонақжайлық көрсетіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін алғыс айтты.
– Қазақ пен өзбек – бауырлас халықтар, ежелден еншісі бір тату көршілер. Қос халықтың болмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті, ділі мен тілі – ұқсас, тарихы – тамырлас. Осы қастерлі құндылықтардың арқасында қарым-қатынасымыз бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатыр. Елдеріміз арасында жоғары деңгейдегі сындарлы әрі белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық байланыстарымыз жылдан жылға нығайып келе жатыр. Өнеркәсіп саласында әлеуеті зор инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Аймақтық деңгейдегі бірлескен іс-әрекеттерді дамытуға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән беріп отырмыз. Бұған қоса, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы да тереңдей түсті. Осы сапарымның басты мақсаты – бауырлас халықтар арасындағы достық пен тату көршілікті бекемдеу, сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа жолдарын ашу, түптеп келгенде, қазақ-өзбек қарым-қатынастарын жаңа сапалы деңгейге көтеру, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі уағдаластықтар екі елдің ұлттық мүдделеріне сай келеді әрі халықтарымыз арасындағы мызғымас достықты, тату көршілікті, стратегиялық серіктестік пен одақтастықты көрсетеді.
– Қазақстан Президенті ретінде Өзбекстанмен көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру міндетім деп санаймын. Кейбір сарапшысымақтар айтып жүргендей, Қазақстан мен Өзбекстан – бақталас та, бәсекелес те емес, керісінше, өркендеу жолында тізе қосып, қатар келе жатқан стратегиялық серіктес, сенімді одақтас. Халықтарымыз бір-бірін шынайы құрмет тұтатын жақын бауырлар, достар, – деді Президент.
t.me/aqorda_resmi