Жаңалықтар

Жұмысшы мамандықтар жылы: жыл басынан бері 42 мың ақтөбелік жұмыспен қамтылды

Ақтөбе облысында еңбек нарығын дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Биыл өңірде 42 мың адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінде 14 мың ақтөбелік жұмыс тапты.

Облыс тұрғындары сұранысқа ие жаңа мамандықты өңірдегі он үш «Мансап» орталығының бірінде қысқа мерзімді кәсіби курстардан өту арқылы меңгере алады. Жоба 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда және халықтың өнімді жұмыспен қамтылуына, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
Қысқа мерзімді курстар үш айға созылады. Оқыту мемлекет есебінен тегін өткізіледі, қатысушыларға 43,5 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді. Курсты аяқтаған соң сертификат беріледі және жұмысқа орналастыруға көмек көрсетіледі.
Тұжырымдама аясында «Бастау Бизнес» жобасы да жүзеге асырылуда – азаматтарға кәсіпкерліктің негіздері үйретіледі. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) мемлекеттік гранттар беріледі. Қаражатты өз ісін бастауға және дамытуға, құрал-жабдық және басқа да қажетті ресурстар сатып алуға пайдалануға болады.

Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдау «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны» және «Болжамды еңбек келісімшарты» бағдарламалары арқылы жүзеге асады. Олардың мақсаты — колледж және ЖОО түлектеріне мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға және алғашқы еңбек тәжірибесін алуға көмектесу.
Жұмыс іздеушілер тұрғылықты жері бойынша мансаптық орталық филиалдарына жүгіне алады, сондай-ақ Электрондық үкімет веб-порталында (www.egov.kz) және электрондық еңбек биржасында (Enbek.kz) тіркеле алады.

Басқа материалдар

Back to top button