АуданМәдениет

Батырдың қазасына 80 жыл

Киелі Қобда ауданының ғана емес барша Қазақ елінің мақтанышы, ерліктің дастанына айналған Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза болғанына 14 қаңтарда 80 жыл толды. Батырдың ерлігін ұлықтап, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіру бүгінгі толқынның парызы болса, қаңтардың қытымыр аязына қарамай батырдың қаза болған күні биыл да тағылымды шаралармен атап өтілді. Кеңес Одағының батырын ұлықтауды көздеген іс-шараларға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, аудан басшысы Ізгілік Тынымгереев, батырдың туыстары, ардагерлер, зиялылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, лауазымды тұлғалар қатысты.

Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған Бұлақ ауылында оның ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді.

Ақтөбе облыстық ардагерлер қоғамының төрағасы Марат Қойлыбаев — Әлия Молдағұлованың жанқияр ерліктің үлгісін көрсетіп, өлшеусіз ерлік жасағанына 80 жыл өтсе де қазіргі ұрпақтың жадында кешегідей сақтаулы. Оның ерлігін дәріптеп, келешек ұрпақтың санасына сіңіру қазіргі буынның міндеті. Батырдың рухы қолдап жүрсін. –деді.

Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза болған күніне орай шаралар одан кейін Әлия ауылында жалғасты. Әлия ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Митингте сөз алған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова:

Әлия Молдағұлованың Ақтөбе аймағында дүниеге келуі біздің бәріміз үшін үлкен мақтаныш. Оның ерлігін насихаттаудың патриоттық тәрбие берудегі маңызы өлшеусіз.   

Батырдың алдағы жылы өтетін ғасырлық мерейтойына дайындық жұмыстары бүгіннің өзінде басталып кетті. Барша Шығыс халқының арасынан шыққан қаһарман қыздың 100 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өту жоспарланып отыр. Әлияның ерлігін насихаттап, есімін ұлықтау ісінде қазір арамызда жоқ Ғалымжан Байдербес ағамыздың еңбегін де естен шығармауымыз керек. Бүгінгі батырдың еске алу шаралары өзінің көздеген мақсатына жетсін дегім келеді.  

Батыр қаза болған күн Әлия ауылдық клубындағы концерттік бағдарламаға ұласты. Жұртшылық шебер орындалған театрландырылған қойылымдарды тамашалады.Патриоттық әндер шырқалып, сахна төрі бимен өрнектелді. Концерттік бағдарлама аясында аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев Әлияға арналған өлеңдер байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

«Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында волейболдан сайыс өтті. Әияның рухына арналып, ас беріліп, құран оқылды. Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза болған күніне орай еске алу шаралары аудан орталығы Қобда ауылында да ұйымдастырылды. Білім ордаларының қызметкерлері «Отан ана» саябағында орналасқан Әлия ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

 

Талғат Бағыбергенұлы

Басқа материалдар

Back to top button