Жаңалықтар

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ: ПРАНК ЖАСАЙМЫН ДЕП ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ БҰЗАТЫНДАР КӨБЕЙІП КЕТТІ

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік желіде пранк жасайтындар туралы сөз қозғап, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е.С. Саденов пен Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ. Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол өз сөзінде адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткендер мыңдап бар екенін айтты. Сосын, «біздің блогер-сымақтар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр» деп қынжылды. Депутат қазақстандық блогер Аружан Айбекованың Қытайда «ұрлық жасап жатқандай» ролик түсіргенін еске алды.

Фото: видеодан скриншот/inbusiness.kz

«Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. «Ойыннан да омыртқа сынатынын» білмейтін мұндай блогер-сымақтарды қатаң жауапқа  тартатын кез келді. Себебі бұл адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу», — деді депутат.

Бұдан бөлек Н. Сәрсенғалиев жасанды интеллект арқылы жасалатын бейнероликтер мен фотолар туралы сөз қозғады.

«Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интелект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына «танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?» деп жасанды интелект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды», — деді ол.

Пранк жасағандардың бірнеше мысалын келтірген Нартай Сәрсенғалиев құзырлы ведомстволарға бірнеше ұсыныс жасады.

Депутаттың ұсыныстары мынандай: 

1. Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол  сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау қажет.
2. Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау керек;
3. Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету қажет;
4. Мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде  жүргізу керек.

Басқа материалдар

Back to top button