Алаяқтықтың алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз
Қазіргі таңда қоғам өмірінде алаяқтық қылмыстарының саны азаймай тұр. Технология дамыған сайын қылмыскерлердің де тәсілдері түрленіп, азаматтарды алдау жолдары көбейіп келеді. Әсіресе интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер жиілеп отыр.
Алаяқтар көбінесе азаматтардың сеніміне кіріп, жеке деректерін, банк карталарының нөмірлерін, бір реттік құпия сөздерді (SMS-код) алдап алады. Кей жағдайларда өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе мемлекеттік мекеме маманы ретінде таныстырып, азаматтардың қаржысын иемденіп кетеді.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін төмендегі қарапайым ережелерді есте сақтау қажет:
Бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді бермеңіз. Карта нөмірі, CVV-код, SMS арқылы келген бір реттік құпия сөз — бұл тек сізге ғана арналған ақпарат.
Сілтемелерге абай болыңыз.Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде келген күмәнді сілтемелерді ашпаңыз. Тек ресми сайттар мен қосымшаларды пайдаланыңыз. Банк операцияларын тек өз банкіңіздің ресми қосымшасы арқылы орындаңыз.
Сенімді дереккөзге жүгініңіз.Күмән туындаған жағдайда бірден банк бөлімшесіне немесе полицияға хабарласыңыз.Жақындарыңызға ескертіңіз. Әсіресе егде жастағы адамдар мен жасөспірімдерге алаяқтардың айласы туралы жиі түсіндіріп отырыңыз.
Құқық қорғау органдары азаматтарға өз қаражаттары мен деректерін сақтауға шақырады. Егер сіз немесе таныстарыңыз алаяқтықтың құрбаны болсаңыздар, бірден 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.
Алаяқтықтың алдын алу – әр азаматтың жеке сақтығы мен қоғамның қауіпсіздігіне қосқан үлесі.