ЖИ Қазақстан экономикасын қалай өзгертеді?
Экономист Айбар Олжай “15 минуттық экономика” жобасында жасанды интеллектінің экономикаға әсерін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының ойынша, Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында айтқан жасанды интеллектке қатысты негізгі ойды көпшілік түсінген жоқ.
Қоғамда жасанды интеллектке қатысты нақты бір картина қалыптаспаған. Иә, оның бар екенін білеміз, ChatGPT қолданамыз. Бірақ “Осы интеллект көмегімен еліміз қалай өзгереді?” дегенде нақты картинаны көре алмаймыз. Сол үшін соңғы Президент Жолдауын, ондағы негізгі ойды менің ойымша көп адам түсінген жоқ. Ал Мемлекет басшысы біздің революциялық өзгерістер алдында тұрғанымызды айтқысы келген еді, — деп бастады сөзін маман.
“ЖИ экономикаға жыл сайын қосымша 1 триллион теңге алып келе алады”
Экономикада Қазақстан жасанды интеллект қолданатын негізгі салаларын анықтап алды. Ол – мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы.
Айбар Олжай өңдеуші өнеркәсіпте жалпы ішкі өнім жыл сайын 460 млрд теңге межесінде өсе алатынын және генеративті жасанды интеллект басқарушы персонал үшін есептер мен болжамдарды дайындау сервисі қызметін атқара алатынын атады.
BP мен Chevron кейсін қарасақ, олар осы арқылы жылына 1 миллион доллар үнемдей алған. Жасанды интеллект жерасты резервуарларының дәл және егжей-тегжейлі 3D модельдерін құру, мұнай мен газ қорларын анағұрлым дәл бағалау, барлауға жұмсалатын уақыт пен шығынды қысқарту, ұңғымаларды бұрғылауды оңтайландыру, геоақпараттық жүйелер бойынша нәтижелерді түсіндіруге көмектесу жұмыстарына жегіледі. Бұл бұрғылау шығындарын 10%-ға төмендетеді және мұнай өндіруді 5%-ға арттырады, — деді ол.
Айбар Олжайдың айтуынша, көтерме және бөлшек саудада жасанды интеллект қолданатын шешімдерді енгізудің жыл сайынғы ықтимал әсері экономикамызға қосымша 233 млрд теңге әкеле алады. Маусымдық сатылым мен ағымдағы тенденция туралы тарихи деректер негізінде болжам жасай алатын интеллект сату көрсеткіштерін 35%-ға жақсартады, қойманың өткізу қабілетін 30%-ға арттырады, отын шығындарын 20%-ға, логистикадағы шығынды 15%-ға төмендетеді.
Өткен жылдан бастап генеративті жасанды интеллект байланыс орталығының және клиенттерге консультация беретін чат-бот функцияларын алмастыра бастады. Байланыс орталығының қызметкерлерін 90%-ға қысқартуға, клиенттерді қолдауға жұмсалатын шығындарды 85%-ға қысқартуға, клиенттерді ұстап қалу көрсеткіштерін 15%-ға жақсартуға әкеледі, — деді экономист.
Тапсырыстарды жинау және орау бойынша механикалық операцияларды автоматтандыру үшін жасанды интеллект қосылса, ол еңбек өнімділігін 50-100%-ға арттырады, тапсырыстарды жинау дәлдігін 99%-ға арттырады, сұрыптау кезінде ақау пайызын 1%-ға дейін азайтады, жұмыс күшіне жұмсалатын еңбек шығындарын 30%-ға дейін азайтады, қоймаларды ұстауға арналған операциялық шығындарды 20%-ға азайтады.
Жасанды интеллект денсаулық сақтау мен халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде жыл сайын жалпы ішкі өнімге қосымша 146 млрд теңге бере алады. Медицинадағы қағазбастылықтың бәрін жасанды интеллект өз мойнына алады. Медициналық білім базасындағы ақпараттың арқасында дәрігерге консультативті көмекші болып, терапевтер жүктемесінің көлемін 23%-ға төмендетеді, дұрыс диагноздар санын 43%-ға арттырады. Генеративті жасанды интеллект рентген суреттерін, МРТ және КТ суреттерін толық түсіндіріп бере алады. Сонда ол анализ қорытынды дайындау уақытын 50%-ға төмендетеді, диагноз қою дәлдігін 90%-ға дейін қамтамасыз етеді, — деді Айбар Олжай.
Сондай-ақ ЖИ тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда экономикаға жыл сайын 94 млрд теңге қосып отыра алады.
Кеніштердің 3D моделін құру, өндіру және шахталардың маршруттарын оңтайландыру әдістерімен эксперименттер жүргізу, шахталардың опырылып құлауының және газдың білінбей таралуының алдын алу жолымен химиялық реакциялар жүретін кеніштердің цифрлық егізін өндіру тиімділігін 30%-ға ұлғайтады, кен өндіруге жұмсалатын операциялық шығындарды 20%-ға қысқартады, жаңа кен орындарын игеруге жұмсалатын күрделі шығындарды 50%-ға қысқартады, — деді экономист.
Ал ауыл, орман және балық шаруашылығында жасанды интеллект жыл сайын қосымша 28 млрд теңге алып келеді.
Дроннан алынған суреттерді, спутниктік түсірілімдерді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығындағы оңтайландыру үшін цифрлық егіздерді пайдалану дақылдармен жұмысты оңтайландыру және дақылдар құрамының сапасымен байланысты цифрлық ұқсастықтарға негізделген жаңа егістіктерді шығару бойынша қорытынды жасай алады. Бұл пестицидтер, тыңайтқыштар және су шығындарын 30%-ға қысқартуға, өнімнің ысырап болуын азайтуға, өнім сапасын жақсартуға, жаңа өнімді шығару уақытын қысқартуға әкеледі, — деді ол.
Сарапшы жоғарыда аталған секторларда жасанды интеллект қолдану экономикамызға жыл сайын қосымша 1 триллион теңге алып келе алатынын жеткізді.
Қарапайым есептесек, бұл шамамен 2 миллиард доллар. Мысалы, қосымша құн салығын арттырғаннан еліміз бюджетке қосымша 3 триллон теңге түсіреміз деп отыр. Сонда, бір ғана жасанды интеллект ауқымды салық реформасы эффектісінің үштен бірін қамтамасыз етіп бере алады, — деді Айбар Олжай.
“Қазақстан көштен қалып қоймау керек”
Экономист Айбар Олжай жасанды интеллект жемқорлықтың толық жойылуына мүмкіндік беретінін атады.
Егер бізді адам емес, жасанды интеллект басқаратын болса, онда шешімдер үшін біреуге ақша төлеудің қажеті жоқ. Ал жасанды интеллектінің бүйрегі ешкімге бұрмайды. Менің ойымша, Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлы теңгенің потенциалдарын біріктіреді, — деді маман.
Oxford Insights өткізген Үкіметтің жасанды интеллектке әзірлігінің 2023 жылға арналған индексіне сәйкес, Қазақстан 193 елдің арасында 72-орында тұр. Сарапшы бұл рейтингте Қазақстан алдағы уақытта көтеріледі деп болжады.
Биылдан бастап біздің рейтингіміз жақсаруы тиіс. Біз Старлинк келгелі шалғай аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету проблемасын шеше аламыз. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «Батыс-Шығыс» ұлттық гипермагистралін салу жұмысы басталды. Қазір елімізде 51 дерек өңдеу орталығы, сондай-ақ “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ-ға тиесілі 15 мемлекеттік дерек өңдеу орталығы жұмыс істейді, — деді Айбар Олжай.
Ол сондай-ақ қазір KazLLM бойынша жақсы жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
KazLLM – тілдік модель. Оның қорында қазақ тілінің барлық деректер базасы, әдебиетіміз, ғылымымыз, тарихымыз болады. Яғни ChatGPT-ге қарағанда, отандық чаттың академиялық білімі, нақты ресми ақпараты болуы тиіс, — деді сарапшы.
Ол жасанды интеллект өмірді 180 градусқа өзгертіп, экономикада революция жасайтынын айтты.
ЖИ-мен жұмыс істеген елдер қатты озайын деп тұр. Бізге бастысы осы көштен қалып қоймау керек. Қазақстан 2024 жылы ақпараттық технологиялар қызметінің экспортын 700 миллион долларға дейін жеткізді. Биыл да осыны қалай да 1 миллиард доллардан асыруымыз керек. Оның кемінде 100 миллион доллары жасанды интеллекет технологиясымен байланысты болуы тиіс, — деп қорытындылады Айбар Олжай.