Жаңалықтар

Қазақстан — БҰҰ мінберінде бейбітшілік пен тұрақты даму жолындағы жаһандық серіктес


БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қазақстанға жасаған сапары аясында айтылған алғыс сөзі еліміздің халықаралық аренадағы беделі мен бастамаларына берілген жоғары бағаның айқын көрінісі. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінде бейбітшілік пен диалогтың, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы алтын көпірдің символына айналып отыр.

Антониу Гутерриш атап өткендей, Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы – әлем тарихындағы бірегей әрі өнегелі қадам. Бұл шешім тек өңірлік емес, жаһандық қауіпсіздік пен сенім орнатуға бағытталған батыл әрі көреген таңдау болды. Сол сәттен бастап Қазақстан халықаралық бейбітшілік бастамаларының белсенді қатысушысы ретінде танылып келеді.

Бас хатшы еліміздің дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытудағы тәжірибесіне де ерекше тоқталды. Әлемде өркениеттер арасындағы қақтығыстар туралы пікірлер жиі айтылып жатқанда, Қазақстан Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді жаһандық бастамалар арқылы ынтымақтастықтың мүмкін әрі тиімді екенін дәлелдеді.

Кездесу барысында БҰҰ мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылдың болашағы жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықтың рөлі, БҰҰ реформасы, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды. Бұл диалог – Қазақстанның тек өз өңірінде ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейде жаһандық тұрақтылық пен даму процесіне қосып отырған нақты үлесінің көрінісі.

Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруде көпжақты ынтымақтастық пен бірлік қағидаттарын ұстана отырып, БҰҰ-мен серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін көрсетіп келеді. Бұл – әлемді бейбіт болашаққа бастайтын жолдың берік негізі.

Айгүл Дүйсенова, облыстық мәслихат депутаты

Басқа материалдар

Back to top button