Ақтөбеде жыл басынан бері шағын және орта бизнестің 242 жобасы қолдауға ие болды
Ақтөбе облысында Бизнестің жол картасы бағдарламасы бастау алғаннан бері қолдау алған жобалар саны қарқынды өсуде. Мәселен 2010 жылы небары 41 жоба қолдау алса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 4549 жобаға дейін өсті. Жалпы он екі жылда қолдау алған жоба саны – 12 068-ге жетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, қолдау алған жобалар облысқа мультипликативті әсер беруде.
«2010 жылдан бері жаңадан 10 698 жұмыс орны құрылып, 48 924 жұмыс орыны сақталды; Шығарылған өнім көлемі – 3,5 трлн.тг. құрады. Түскен салық көлемі – 200,1 млрд.теңгеге дейін жетті. 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары үшін жергілікті бюджеттен 2,3 млрд. теңге қаржы қарастырылып отыр. Биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша 242 жоба қолдау тапты» — деді спикер.
Атап өтейік, шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарлама биыл да жалғасуда. Бағдарлама Хромтау моноқаласының кәсіпкерлеріне несие беруге бағытталған. Өңірлік бағдарламаны қаржыландыру облыстық бюджеттің аралас қаражаты, «Даму» «кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және «Қазхром ТҰК» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.