Жаңалықтар

Ел тарихындағы діни тұлғалар тағылымы

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы
Философия ғылымдарының кандидаты, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

​Қазақ тарихында небір әулие, батыр, ишан атанған кісілер өткен. Бұндай ерекше қасиетке ие тұлғаларды шығарған қоғамда ұрпақты рухани тереңдікке, ізгілікке жетейлейтін халықтың дәстүрі жатыр. Ел тарихындағы діни тұлғалардың тағылымын зерделеуде Досжан, Нұрпейіс ишандардан бастап Бекет ата, Марал ишан, Қосым қожа, Мүсірәлі әулие секілді тұлғалардың ізімен Қожа Ахмет Иассауиге келіп тірелеміз. Абайдың өзі «Қара сөзді» осы ел тарихындағы рухани тұлғалардың дәстүрінің негізінде жазған болатын. Қара сөз – бұл түркі-қазақ ойшылдарының ұғымында даналық деген мағынаны білдіреді. Қожа Ахмет Иассауи бабамыз, «әркім сөз жазса қара сөзбен жазсын» деген хикметтерінің бірінде. Бұдан бөлек Әнет бабаның «өсиетке терең бол» деген сөзі бар. Қазақ жырауларының дәстүрі, билердің даналығы осы идеяның негізінде қалыптасып, жалғасып отырған. Атап айтсақ ел мен жер, тіл, дін, діл, мәдениет, дәстүр, өнер бір-бірімен байланысты. Бірін-бірі толықтырып отырады. Бұларды біріктіріп қоғамның игілігіне айналдырып отыратын ұрпақтың рухани деңгейі — кісілік. Кісілік дегенде ең алдымен адамның рухани қасиеттері, танымы, білімі көзге түседі. Сол себептен ІХ-ХІІ ғасырларда елдің мәдениетінің тарихи кеңістігінде үлкен рухани-әлеуметтік құбылысқа айналып отырған идея, халықтың өзіндік санасының рухани тұғырына айналып отырған. Бұның да арғы жағында халықтың өзі, яғни қоғамның тереңдігі жатыр. Асанқайғы былай деген:
Есті көрсең, кем деме,
​Бәрі тұйғын табылмас.
​Қарындасын жамандап,
​Өзіңе туған табылмас.
​Адам әзіз айтар деп,
​Көңіліңді салмағыл.
​Нәпсі алдаушы дұспаның
Насихатын алмағыл.
Шыныменде елдік пен бірлік, бақ пен ар, тектілік пен кісілік, дін мен діл, дәстүр мен мәдениет, өнер, білім барлығы қоғам алдында түратын, әр адамның парасаттылығының негізінде қоғамның игілігіне айналатын дүниелер. Ең алдымен қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы керек. Жанашырлықтың үлкен көрінісі бұл мемлекетшілдік сана болып табылады. Қазақ жыраулары ең алдымен қоғамға осыны насихаттаған. Бұндай көзқарас билердің де даналығында ерекше орынға ие болып отыр. Бөлтірік би айтқандай:
Сөз мәнісін білмеген,
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген,
Жер мәнісін білмейді.
Жер мәнісін білмеген,
Ер мәнісін білмейді.
Ер мәнісін білмеген,
Бар мәнісін білмейді.
Тарихымызда қоғамға бұндай үлкен ой салатын мағынасы терең сөздерді қалдырған тұлғалар қатары жетерлік. Бүгінгі ұрпақ алдында тұрған міндет осы бар байлықты иелену, игеру, әрмен қарай қоғамға қажет нәрселерді жасап отыру, мемлекетті, елдің мәдениетін ұрпаққа табыстау болып табылады. Баты құндылық бұл елдің тәуелсіздігі, бейбіт өмірі. Жыраулардың, билердің сөзін неге келтірдік? Алаш зиялылары айтқандай тарих бұл түзушілік кітабы, түзу жөнді үйретуші. Тарихтың бойында ұлттың болмысы, дүниетанымы, діні мен ділі тұруы тиіс, нағыз тарих осы құндылықтарды бойында сақтай алғанда ғана жазылады, ұрпаққа жетіп отырады. Ұрпаққа тарих осы қырынан жетуі тиіс, тарихтағы нағыз тұлғаларды барынша үлгі етілуі тиіс. Себебі мемлекетке, әсіресе оның қоғамы мен мәдениетіне ккісілігі күшті адамдар қажет.
Ел тарихында діни тұлғаларымыз осы себептен ғасырлар бойы бірнеше бағытта қызмет атқарып отырғанын айта кеткен жөн. Сөздерін келтірген жыраулардың, билердің де діни білім терең болған. Олардың барлығы алдымен ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, өмірге, болашақтың игілігіне тиімді пайдалануды үйреткен. Басты мақсат парасат иелерін тәрбиелеу болған. Ұрпақ ішінен кісілігі күшті, қасиеті мен білімі ұштасқан талант иелерін, интеллектуалдарды қоғам алдына шығару қажет болды. Уақыттың қиындығына қарамастан бұны атқарған.
Қоғамға, адамзат әлеміне де парсаттылық керек. Парасат иелері қоғамын алға жетелей алады. Парасатты қоғам бұл ізгілігі күшті қоғам. Ізгі қоғам деп мәдениеті күшті қоғамды айтумызға болады. Ал ел, халық осы парасаттылыққа қалай қол жеткізеді десек бұның бірғана үлгісі, жолы елдің тарихында жатыр. Яғни ел тарихында медреселерде батырлар жыры, шешендік сөздер, білім, даналық үйретілген. Білім алып шыққан адам ең алдымен дінмен қатар елдің тарихын, мәдениетін білуі тиіс, ғылымнан да хабары болуы керек. Сол кездегі діни білімі, тұлғалығымен қатар ақындық қабілетімен ерекше көзге түскен діни ойшылдарымыздың бірі Ғұмар Қараштың да сөзін келтірген дұрыс деп есептейміз. Себебі осындай тұлғалар тарихтағы халықтың ғана емес діни тұлғалардың, яңни медреселерден қандай талант иелерінің тәрбиеленіп шыққанын дәлелдейді.
Ғұмар Қараштың тектілікке қатысты айтқан мынадай ойлары бар:
Асыл ердің белгісі –
Адалдықты жақтайды,
Қадірін біліп ерлердің
Сыртынан даттап сатпайды,
Сырын шашпай сақтайды.
Мисызға айтқан сөздерің —
Ми далаға шашқаның,
Ескеріп, сірә, ұқпайды,
Әлдеқандай кісі боп
Сырттан жүріп боқтайды.
Ақылдыға сөз айтсаң,
Жөнді жерге тоқтайды.
Пұлын біліп гәуһардың
Жүрегінде сақтайды;
Ақтық пенен қаралық
Қарсы келіп қарысса,
Аударысса, алысса,
Кетсе-дағы бұл жолда
Ердің құны, нар пұлы,
Белсеніп кіріп майданға
Ақты қостап жақтайды. Осындай ойшыл адамдардан қалған дүниелерді ұрпақ зерделеп, біліп жүруі қажет. Діннің де мақсаты адамзатты игілікке, кемелділікке жеткізу. Бұған мұрындық болатын «улие, ойшыл атанған діни адамдардың даналығы, тағылымы. Сондықтанда Жүсіпбек Аймауытов жазғандай, «Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды. Алса да, халықтың көкейіне көпке дейін қонбайды. Ендеше өзімізде бар дәулетті жарыққа шығарып, іске жаратуға талпыну керек». Сөз соңында айтарымыз тарихымызда небір тұлғалар өткен. Олардың қасиеті, ерік-жішері, білімінің өзі бір төбе. Қай заманда болмасын өткен тарихтың ұлтың болмысы мен мәдениетіне рухани қазық болып қалары даусыз. Қазіргі ақпараттық технология үстемдік құрған дәуірде бұны қоғам тегістей ескерсе нқр үсітне нұр болар еді дейміз.
Кеше бір ғасыр бұрын Хобда жерінде де небір әулие, ишан атанған тұлғалар өткен. Олардың көбісі кешегі кеңестік саясаттың салдарынан ұмыт бола бастаған. Елміздегі Түркістан жерінен, Досжан ишан, басқа да әулие кісілерден білім алған және Өзбекстан жеріндегі үлкен тарихи медреселерден білім алған кіслер қатарында Хобда жерінде мешіт, медресе ұстап, талай адамды тәрбиелеген кісілер қатарында Шахмарданов Абдулхаким, Ізтілеуов Жантілеу, Меңдалиев Хожахмет, Қошмұхамедов Хайролла, Хайруллин Балей, Тілеубаев Сапарғали, Тілегенов Ахметжан, Жұмағұлов Сағидолла, Хұбеев Нұретдин, Исанғалиев Ғалым, Ғалымов Нұрмахан, Абдуллин Бисан, Бижанов Таубай, Абдрахманов Хажғазы, Бекмұхамедов Абдулбақыт, Рахманқұлов Мүбарак, Ниязов Хабибулла, Адиев Жұмаш, Оралбеков Бекболат, Дүйменов Нұрмұхаммед, Кенжалиев Ақыл, Сарқұлов Әбілкәрім, Сарқытов Жұмахмет, Байқадамов Шәкірадин, Үмбетов Нұрмұхаммед және тағы да басқа діни адамдар бар. Бұлардың барлығы ерте заманнан бері келе жатқан әулиелер дәстүрі негізінде елге аянбай қызмет еткен тұлғалар болатын. Бүгінгі ұрпақ осындай ізгілігімен өмірден өткен тұлғалардың берген бағытымен жүрсе дейміз.

Басқа материалдар

Back to top button