Көңілге қонымды мәселелер көтерілді
Шара ЕЛЕУСІЗ,
ардагер журналист.
…Әлмисақтан-ақ, ел басқару оңай шаруа емес. Бір үйдегі төрт-бес адамның басын қосып, бір арнаға түсірудің өзі, кейде, үлкен жауапкершілік пен іскерлікті қажет ететінін ескерсек, ел басқарып, облыс пен ауданның тізгінін ұстап отырған азаматтар атына айтып жататын базына-назымыздың орынсыздау болып жататынын бағамдау қиын емес. Сондайда, «Ел басқарған басшыға, қосшы болу да өнер» деген халық нақылы еске түседі.
«Қит» етсе, «осы әкімшілік (Президент) қайда қарап отыр?» деп өре түрегелетініміз өтірік емес, бірақ, подъезге бір дұрыс емес көршің тастап кеткен қоқысты ала кету, есіктің алдының қарын тазалай салу, көшеге балмұздағының қағазын тастай салған балаға ескерту айту тәрізді бәріміздің қолымыздан келетін дүниелерді жасамаймыз.
Сірә, «ұйқыдан тұрған бойда планетаңды тазала» деген Сент-Экзюпери ағайдың «Кішкентай ханзадасын» оқымағанбыз…
«Сынаудың жөні осы екен» дей бермей, кешегі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген көңілге қонымды мәселелерді қарастырайықшы.
Ел мен жердің көптеген мәселесі қаралған жиында дін, діл, тарих ғылым, мәселелерінің барлығы тілге тиек болды. Соның ішінде менің көңіліме қонған екі жайт Біріншісі — жер-су атауларын ретке келтіру, яғни ономастика жайы.Бұл өзі бір қаны сорғалап тұрған мәселе болатын — «запперме» болған атасының атын ауылға, «көрген күнім күнде төбелес» деп аты қалған көкесінің атын көшеге беру қолынан келгендердің қалдырған мұрасы екені жасыратын дүние емес.
Енді ономастика комиссиялары бұл шаруаға ұлттық деңгейден қарау керек деп есептеймін.
Екіншісі — Астана-Арқалық-Ырғыз тасжолының құрылысы басталып, ол Транскаспийлік халықаралық көлік жолына қосылатыны, Арқалықтан әуежай ашылатыны. Сырт көзге түсініксіздеу болғанымен, бұл да маңызды шаруалардың бірі. Торғай даласы — қазақ тарихында алтын әріппен өшпес ізі қалған мекен, тіпті Алматыдағы «әкемтеатрдан» кейінгі үлкен театрдың Торғайда болғанын біреу білер, біреу білмес… Бәлки, болашақта Торғай облыс болып қайта ашылар…
Құрылтайда Ел басшысы көптеген мәселелерді көтерді, наркомания, спортқа жабысқан сақал жайлы тағы да айта жатармыз, әзірге алға қойылған мақсаттарға қай-қайсысымыз да үлес қосуымыз керек.