Жаңалықтар

Ел болашағына жасалған инвестиция

Темірлан АЛДАЖАРОВ,
«Ақтөбе студенттері» альянсының төрағасы.

Жастар – кез келген мемлекеттің қозғаушы күші, дамудың басты локомотиві. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жастар саясатына ерекше тоқталып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру сапасын арттыру және жас ғалымдарды қолдау бағытында нақты ұсыныстар жасады.
Мемлекет басшысының бұл бастамалары – еліміздің тұрақты дамуына жасалған маңызды қадам.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тұтқасы. Сондықтан олардың сапалы білім алуы, өз әлеуетін толық жүзеге асыруы және кәсіби дамуы – мемлекеттің басты назарында болуы заңдылық. Президент атап өткендей, жастардың тұрғын үй мәселесі, олардың стартаптарын қолдау, ғылымды коммерцияландыру және жоғары білім жүйесін жетілдіру – бүгінгі күннің өзекті міндеттері.
Мен, жастар көшбасшысы ретінде, бұл бастамаларды толық қолдаймын және олардың нақты жүзеге асуы үшін бар күш-жігерімді саламын. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жас ғалымдарға, студенттерге және жас кәсіпкерлерге арналған бірқатар бағдарламалар іске асырылуда. Алайда біз жастармен тікелей жұмыс істейтін ұйымдар ретінде осы бағдарламалардың қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға үлес қосуымыз қажет.
Сонымен қатар, жастардың жан-жақты дамуы үшін оларды зиянды әдеттерден, әлеуметтік құбылыстардың жағымсыз әсерінен қорғау маңызды. Президент Құрылтайда жастардың нашақорлыққа, құмар ойындарға, вандализмге және ысырапшылдыққа бейім болуы үлкен қауіп екенін атап өтті. Бұл мәселе – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде жастар ұйымдарының, білім беру мекемелерінің және отбасының ортақ жауапкершілігі.
Біз, жастар көшбасшылары, мемлекет басшысының саясатын қолдай отырып, жастардың білім алуына, әлеуметтік және экономикалық дамуына, азаматтық белсенділігіне жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі жас буын – тек тұтынушы емес, ел дамуына үлес қосатын жауапкершілігі мол азамат болуы тиіс.
Егер біз еліміздің болашағын жарқын еткіміз келсе, әрбір жастың сапалы білім алуына, өзін-өзі дамытуына және қоғамда өз орнын табуына жағдай жасауымыз қажет. Президенттің жастар саясатына қатысты көтерген мәселелері осы міндеттерді шешуге бағытталған. Ендігі мақсат – осы бастамаларды нақты іске асырып, жастардың әлеуетін толыққанды жүзеге асыру.
Біз – болашақтың иесіміз, біз өзгерісті өзімізден бастауымыз керек.

Басқа материалдар

Back to top button