Қандастарға қолдау көрсетіліп жатыр
Қазақстанға келген этникалық қазақтардың қоғамға бейімделуіне және кірігуіне қолдау көрсету және көмектесу мақсатында Ақтөбе қаласында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
2024 жылы Ақтөбе қаласына 69 отбасы мүшесімен 55 этникалық қазақ отбасы көшіп келіп, қандас мәртебесін алды.
Қазақстанға келген қандастар Ресей Федерациясынан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен және Қытай Халық Республикасынан көшіп келген.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту кезінде басымдылық берілетін тұлғалардың бірі – қандастар.
2024 жылы Қазақстанда FSM Social мобильдік қосымшасын пайдалана отырып, қоныс аударушылар мен қандастарды жергілікті қоғамдастыққа бейімдеу және интеграциялау жөніндегі қызметтер автоматтандырылды. Автоматтандырылған жүйені енгізген уақыттан бастап қала бойынша FSM SOCIAL бағдарламасында 44 қандас тіркелген.
Осыған орай, FSM Social мобильдік қосымшасындағы тізім бойынша Мансап орталығының мамандары қандастармен жеке хабарласып, орталыққа шақырып, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары және тұрақты жұмыстар туралы толық ақпараттар беруде.
Бүгінгі күнге 18 адам Мансап орталығына жолыққан. Олардың арасынан 6 адам – тұрақты жұмысқа, 2 адам – Жастар тәжірибесіне жолдама алды. 2 адам – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізге оқуға тартылды. 2 адам – өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз грант алуға ниет білдірді. 1 адам – қысқа мерзімді курсқа жазылды. 5 адамы бар 1 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 5 адамға бос жұмыс орындарынан өз қалауы бойынша жұмыс таңдау, бос жұмыс орындарына қатысу арқылы лайықты жұмыс іздеу туралы түсінік жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, 1 адам 3-топ мүгедегі ретінде санаторлы-курорттық емделуге жолдама алған.
2025 жылы этникалық қазақтарды бейімдеу және әлеуметтендіру жұмыстары жалғасын табады.
Мақпал Тұрмағамбетова,
Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.