Жаңалықтар

Қазақстан халықаралық диалог алаңы ретінде


Қазақстан
ның геосаяси орналасуы оны ежелгі дәуірден-ақ экономикалық, саяси және мәдени хабқа айналуына ықпал етуде. Соның жарқын дәлелі ретінде Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстанның Жібек жолында өте үлкен рөл атқаруын айта аламыз.

Тәуелсіздік жылдарында да еліміз осы дәстүрді жалғастырып, көршілес елдермен теңгерімді және бейбіт қарым-қатынас орнатумен ерекшеленеді. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып, Ресей, Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық Одақ және АҚШ-пен тығыз байланыс орнатты. Сондай-ақ, Қазақстан халықаралық қақтығыстарды шешуде делдалдық рөл атқарып, Сирия мәселесі бойынша Астана процесі сияқты бейбіт келіссөздер ұйымдастырды.

Өткен 2024 жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) сияқты бірқатар халықаралық ұйымдарда негізгі орындарға ие болды. Бұл мәртебе әлемдік қауымдастықтың жоғары деңгейдегі сенімінің дәлелі болып, елдің жаһандық процестердің дамуына қосқан үлесін мойындау ретінде бағалана алады.  

Қазақстан төрағалығы кезеңінде өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өзара іс-қимылды нығайту және сенім шараларын кеңейтуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде ілгерілетті. Бұл қадамдар елдің сындарлы ынтымақтастыққа және халықаралық қатынастардың тұрақты дамуына деген ұмтылысын айқындады.  

Атап айтқанда, ШЫҰ аясында Қазақстан цифрлық трансформацияны ілгерілетуге, көлік байланысын жақсартуға баса назар аударса, ҰҚШҰ және АӨСШК-ке төрағалығы кезінде аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Осылайша, Қазақстанның бұл ұйымдардағы төрағалығы оның халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, жаһандық және өңірлік тұрақтылықты күшейтуге елеулі үлес қосты. Бұл елдің қазіргі геосаяси процестердегі маңызды рөлін және көпвекторлы ынтымақтастыққа деген ұмтылысын айғақтайды.

Айнұр Болысбаева, әлеуметтік ғылымдар магистрі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының аға оқытушысы

Басқа материалдар

Back to top button