Жаңалықтар

Кәсіпкерлерді ынталандыруға ықпал етеді — Наурызбай Байқадамов


Бүгінгі күні қоғамда қосымша құн салығын көтеру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Осы орайда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов Мемлекет басшысының отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтқан ұстанымдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың пікірінше, адамзат тарихында салық саласы үнемі реформаланып келеді. Бірде салық артса, бірде төмендетіледі. Бұл біздің елдегі «ашық қоғам» тұжырымдамасының өміршеңдігінің нақты көрінісі. Сондай-ақ ол күнделікті ақпарат беттерінен, кездесулерде әртүрлі пікірлермен танысып жатқандығына тоқталып, әркімнің өз ойын, аргументін айтуға құқығы бар екендігін айтты.

«Бүгін Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке мезгіл мәселесіне айналған тақырыпқа байланысты өз пікірін жеткізді. Өз сөзінде: «Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс», деді. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйеніп, мүдделі жақтардың пікірлерін ескере отырып, шешім қабылдау маңызды», деді Наурызбай Байқадамов.
Наурызбай Байқадамов конституция бойынша әлеуметтік мемлекет екенімізді еске салып, салық халыққа ауыр салмақ болмауы тиіс екендігін атап өтті.

«Әрине Үкіметтің мақсаты бәріміз үшін қажетті бюджет тапшылығын шешу. Бұның екі жағы бар. Реформа кәсіпкерліктің дамуына оңтайлы жолды қарастыра отырып, тұтынушылардың сатып алу қабілетін төмендетпеуіміз керек. ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемесі арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділік деңгейі есепке алынады. Мысалы, азық-түлік, дәрі-дәрмек, білім беру және денсаулық сақтау қызметтеріне ҚҚС-тың төмен болуы арқылы олардың аз қамтылған азаматтарға қолжетімділігі басты назарда болады деп күтілуде. Сонымен қатар, ауыл шарушылығы, медицина немесе білім беру сияқты салаларға салықты төмендету бағаларды бақылауға, осы бағыттағы өнімдерді өндіруге кәсіпкерлерімізді ынталандыруға ықпал етеді деп санаймыз. Осы әдіс арқылы денсаулыққа немесе қоршаған ортаға зиян тауарларға салық мөлшерін арттырып оның айналымын азайту дұрыс ұстаным болады», деді депутат.
Жалпы алғанда, салық саясаты әділеттілік қағидаттарынан ауытқымауы өзекті. Депутаттың айтуынша, салық төлеу мәдениетінің деңгейі де төмендемеуі тиіс. Халық пен билік екі категория болғанымен қоғамның екі құрамдас бөлігі болып табылатын біртұтас дүние. Сондықтан шешім еліміз үшін, бәріміз үшін әділ де тиімді болуы керек.

Басқа материалдар

Back to top button