Қазақстан Орталық Азияда цифрлық даму бойынша көш бастап тұр — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Президент сөзінде еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқталды.
— Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Былтырғы Жолдауында Президент алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктеген еді.
— 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да — осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. Бұл — барлық үдерістің басы ғана, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан ЖИ олимпиадасына 106 елдің командасы жиналды.
Бұған дейін Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин IOAI-2026 олимпиадасы болашақ технологиялық көшбасшылар мен кәсіпкерлерді тәрбиелеуге ықпал ететінін айтқан еді.
Президент автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы халықаралық олимпиаданың құрылымымен, байқау тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты.

Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден астам дарынды оқушы қатысуда. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.


Айта кетелік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген еді.
https://kaz.inform.kz/news/prezident-avtonomdi-robottin-mumkndktermen-tanisti-ca7631bf
