Жаңалықтар

Бүгінгінің батыры

Өтіп бара жатқан жылдың елеулі оқиғаларының бірі – қытымыр қыстың қаһарына қарамай, адам өмірін құтқарып қалған батыл әрекеттер. Осы оқиғалардың арасында Мұғалжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Нұрболат Тәжіғұловтың ерлігі ел есінде ерекше сақталды.

Жыл басында — ақпан айының қаһарлы күні Қандыағаш қаласынан Ақтөбе облысындағы Басшилі ауылына дейінгі 18 шақырым жолды жүріп өту көп адамға мүмкін еместей көрінген. Сол күнгі табиғаттың тылсым мінезі – қалың қар мен қарлы боран, адам шыдайтын жағдай емес еді. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, Нұрболат Тәжіғұлов әріптестерімен бірге жаяу жол жүріп, көлікке бағыт көрсетіп, егде жастағы әйелді ауруханаға дер кезінде жеткізді.

Бұл оқиғаның басты қаһарманы Нұрболат Тәжіғұловтың ерлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалған жоқ. Биыл 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнінде Нұрболат Тәжіғұлов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл марапат оның еңбегінің жоғары бағасы және елге қызмет етудің үлгісі болып табылады.

Нұрболаттың айтуынша, мұндай оқиғаларда тек кәсіби міндет қана емес, адамгершілік парыз да алдыңғы орынға шығады. «Міндетіміз — адам өмірін құтқару. Көліктің ішінде жол көрінбеді. Әріптестеріммен кезектесіп жаяу жүрдік. Ауылдағы әжені аман-есен ауруханаға жеткіздік. Ол кезде марапат алу туралы ойламадық», – дейді ол.

Жаңа жыл қарсаңында Нұрболат барша қазақстандықтарды құттықтауды да ұмытқан жоқ:
«Құрметті жерлестер! Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл баршаңызға амандық, молшылық, отбасылық бақыт әкелсін! Қандай жағдай болмасын, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жақсылық жасауға асығайық. Ел іргесі тыныш, халқымыздың бірлігі берік болсын!»

Қыс қаһарына қарамай, адам өмірін сақтап қалған Нұрболат Тәжіғұловтың ерлігі ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Мұндай азаматтардың барында еліміздің ертеңіне мол сеніммен қарай аламыз.

Басқа материалдар

Back to top button