Жаңалықтар

Су ресурстағы және ирригация министрі Қазақстандағы бұлақтар мен су айдындарының жағалауын тазартуға бағытталған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясының екінші кезеңін бастады

Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екінші кезеңі еліміздің 12 облысында өтті. Акция барысында бұлақтар мен су айдындарының аумағы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шаралар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында бір мезгілде ұйымдастырылды. Акция аясында 58 бұлақ пен 35 су айдынының аумағы тазартылды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір әкімі Асайын Байхановпен бірге Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Баянауыл ауылында орналасқан бұлақты тазарту жұмысына қатысты.

Павлодар облысының Май ауданындағы үш бұлақтың аумағында да акция ұйымдастырылды. Бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазарту жұмыстарына 550-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы мен Ертіс бассейндік инспекциясының қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті ақсақалдар, еріктілер мен студенттер болды.

Жалпы алғанда республикалық экологиялық акцияның екінші кезеңіне еліміз бойынша бір мезгілде 11 мыңнан астам адам қатысты.

«Мөлдір бұлақ» акциясының алғашқы кезеңі азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Еліміздің барлық өңірінің азаматтары бастамамызды белсенді қолдап, бұлақ көздерін ашу және қалпына келтіру, қоқыс тазалау, көшет отырғызу жұмыстарын өз күштерімен ұйымдастыра бастады. Әсіресе, жастардың белсенділігі қуантады. Сондай-ақ мұндай іс-шаралардың бастамашысы болып, жас ұрпаққа үлгі көрсетіп жүрген ақсақалдардың еңбегін ерекше атап өткен жөн», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске сала кетейік, биыл 23 наурызда «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясының алғашқы кезеңі өтті. Ол Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында бір мезгілде ұйымдастырылып, 30 бұлақ пен 19 су айдынын қамтыды. Тазалау және абаттандыру жұмыстарына 9 мыңнан астам адам, оның ішінде 700-ден астам ерікті қатысты.

Сонымен қатар акция аясында Жамбыл облысында су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылды. Оның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатты қорғау ісіне белсенді тарту. Қозғалыс құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енді. Қазіргі таңда «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы Қазақстанның өзге өңірлерінде де жасақталып, өз жұмысын бастады.

Басқа материалдар

Back to top button