Шығармашылық еркіндік пен волонтерлікті қолдау: жаңа Конституцияның азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі

Бүгін 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағдарын айқындайды.
Конституциядағы өзгерістер бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Олар: мәдениет пен тарихи мұраны сақтау, сөз бостандығы және шығармашылық еркіндік, отбасы институтын қолдау, дін, волонтерлік және қайырымдылық қызмет. Аталған бағыттарға қатысты өзгерістердің іске асуы азаматтық қоғамның дамуына, құқықтық мәдениеттің нығаюына және қоғамдағы ашық диалогтың орнығуына тікелей ықпал етеді.
Мәдениет саласындағы басты жаңалықтардың бірі – тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетті қолдаудың мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілуі. Бұл музейлердің, театрлардың, кітапханалардың, архивтердің, кинематография мен концерттік ұйымдардың дамуына, сондай-ақ шығармашылық орта өкілдерін қолдауға конституциялық деңгейде басымдық берілетінін көрсетеді.
Жаңартылған Конституция архив, кітапхана және кітап ісін дамытуға, тарихи мұраны сақтауға, қорларды цифрландыруға және ұлттық әдебиетті насихаттауға құқықтық негіз қалайды. Сондай-ақ әр азаматтың ана тілін, мәдениетін сақтауға және дамытуға құқығын кепілдендіріп, Қазақстандағы этносаралық келісім мен ортақ азаматтық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді.
Конституция сөз бостандығын, шығармашылық еркіндікті, ақпаратты еркін алу мен таратуды және зияткерлік меншік құқығын қорғайды. Бұл журналистика, бұқаралық ақпарат құралдары және креативті индустриялардың дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Отбасы құндылықтарына қатысты неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалып, отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауына алынады. Сонымен қатар мемлекеттің зайырлы сипаты, ар-ождан бостандығы және конфессияаралық келісім қағидаттары бекітіледі.
Жаңа Конституция қоғамдық келісімді, азаматтық жауапкершілікті, волонтерлік пен қайырымдылықты қолдауды көздейді. Осылайша, оның жаңартылған нормалары мәдениет, ақпарат, дін және азаматтық қоғам салаларының дамуына бағыт беріп, құқықтық мәдениетті, шығармашылық белсенділікті және азаматтық бастамаларды нығайтуға қызмет етеді.